Алматыда көліктен шығатын зиянды қалдықтарды бақылайтын арнайы құрылғылар іске қосылды. Ауаны ластайтын авто иелеріне айыппұл салына ма?

Жарияланды 13 Қыркүйек 2024 13:10

(жаңартылды 13 Қыркүйек 2024 13:46)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
көліктен шығатын зиянды қалдықтар
Спектрометрлер Алматыда көліктен шығатын зиянды қалдықтар деңгейін анықтау үшін орнатылмақ / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласында көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды онлайн бақылайтын арнайы құрылғылар қойылды. Құрылғыларды Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы және Қоршаған орта басқармасының бастамасымен «Sergek Group» компаниясы орнатты.

Ол «спектрометр» деп аталады. Бұл автокөліктерінен шығатын түтін мен зиянды қалдықтарды қашықтан өлшеп, талдап, бағалайтын құрал.

«Спектрометрлер жолдың қарама-қарсы жағында орнатылады және жарық сәулелерінің көмегімен көлік құралын тоқтатпай-ақ нақты уақыт режимінде өтіп бара жатқан автокөліктерден бөлінетін зиянды қалдықтар туралы деректерді жинайды», – деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.

Осыған ұқсас технологиялар Париж, Лондон, Берлин, Мадрид, Венеция, Франкфурт және Брюссель жолдарында кездеседі. Еуропада аталған құрылғы EDAR (Emissions Detection and Reporting) және OPUS деп аталады.

Бастама қаланың экологиясын жақсарту жөніндегі іс-шаралардың бір бөлігі.

Жобаның мақсаты – Алматыда көліктерден шығатын зиянды қалдықтар деңгейін анықтау және қалалық автокөліктердің экологиялық талаптарды сақтауын бағалау.

Айта кететіні, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мониторинг жүргізіп, нәтижесінде еліміздің 8 қаласында атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге көтерілгенін анықтаған.

Осылайша Алматы экологиясы ең лас қалалар қатарынан табылды. Оған себеп жылу көздерінен және көліктен шығатын зиянды қалдықтар.

Қазақстандағы ірі қалалардың экологиясы жыл өткен сайын нашарлап барады. Қазгидромет ұсынған мониторинг нәтижелері соңғы бес жылда Қазақстанның барлық ірі қалаларының ішінде тек Шымкентте ғана экологиялық жағдайдың жақсарғанын анық көрсетіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз