KASE-де қандай қазақстандық компаниялардың акциялары қымбаттады?
Қазақстан қор биржасындағы акциялар саудасының көлемі тамызда шілде айымен салыстырғанда 83,4%-ға немесе 45,8 млрд теңгеге азайып, 9,1 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды биржаның баспасөз қызметі.
Сауда қайталама нарықта жүргізілді. Орта есеппен күніне жалпы көлемі 433,2 млн теңгені құрайтын 6,5 мың транзакция жасалды. Мәмілелердің жалпы көлемінің 68,3%-ы жеке тұлғаларға, 14,1%-ы брокер-дилерлік ұйымдарға, 5,3%-ы резидент еместерге тиесілі болды. Жалпы тамыз айының соңында қор нарығының капиталдандыруы 33 трлн теңгені (68,5 млрд доллар) құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 50,9 млрд теңгеге немесе 0,2%-ға жоғары.
KASE индексі тамызда 1,3%-ға өсіп, 5,3 мың тармақты құрады. Индекс акцияларымен жасалған операциялардың көлемі тамызда 4,3 млрд теңгеге – 7,8 млрд теңгеге дейін төмендеді. Сауда-саттықтың ең үлкен көлемі Halyk Bank жай акцияларына тисілі – 1,5 млрд теңге (акциялар индексімен жалпы сауда көлемінің 19%).
Тамыз айындағы ең жақсы динамиканы Kcell қарапайым акциялары көрсетті. Көрсеткіш бір айда 9%-ға өскен. Компанияның 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы шоғырландырылған есебіне сәйкес, Kcell таза табысы 5,5 млрд теңгені құрады.
Тамызда акциялар бағасы қалай құбылды?
- Kcell – 9%-ға өсіп, 3 232 теңгеге жеті. Сауда көлемі 1,4 млрд теңгеге төмендеді;
- «ҚазМұнайГаз» – 5,2%-ға өсіп, 14 138 теңгеге жетті. Сауда көлемі 1,2 млрд теңгеге азайды;
- Halyk Bank – 2,5%-ға өсіп, 210 теңгеге жетті. Сауда көлемі 20 млн теңгеге өсті;
- «ҚазТрансОйл» – 1,6%-ға өсіп, 827 теңгені құрады. Сауда көлемі 169 млн теңгеге өсті;
- «Қазатомөнеркәсіп» – 0,5%-ға өсіп, 18 394 теңгені құрады. Сауда көлемі 21,7 млн теңгеге азайды;
- «Қазақтелеком» – 0,2%-ға өсіп, 38 960 теңгеге дейін, сауда көлемі 639,8 млн теңгеге азайды;
- «KEGOC» АҚ – өзгеріссіз, 1 480 теңгеге. Сауда көлемі 311,5 млн теңгеге азайды;
- «ЦентрКредит Банкі» – 0,002%-ға, 1 994 теңгеге дейін төмендеді. Сауда көлемі 368,1 млн теңгеге азайды;
- Air Astana – 3,6%-ға, 822 теңгеге төмендеді. Сауда көлемі 313,2 млн теңгеге азайды;
- Kaspi.kz – 3,7%-ға төмендеп, 63 100 теңгені құрады. Сауда көлемі 121,5 млн теңгеге төмендеді.
Еске сала кетсек, былтыр Қазақстан нарығында 84 эмитенттің 99 акциясы саудаланады. 2023 жылдың 1 желтоқсанында акция нарығын капиталдандыру 26,8 тлрн теңге болды.