2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қазақстандықтардың депозиттерінің көлемі 21,7 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры хабарлады.
Бірінші жартыжылдықта өсім 6,3%-ды (+1,3 трлн теңге), ал жылдық есепте 20,5%-ды (+3,7 трлн теңге) құрады.
Жинақтардың 49,6% үлесі алматылықтар мен елорда тұрғындарына тиесілі
Өсімнің жартысы (49,6%, +633 млрд теңге) Алматы мен Астанаға тиесілі. Сонымен бірге барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда жеке тұлғалардың салымдарының көлемі артқан.
Теңгелік депозиттердің үлесі басым
Бірінші жартыжылдықта теңгелік депозиттердің көлемі 8,2%-ға (+1,2 трлн тенге) өсті. Бұл жалпы жеке адамдарға тиесілі депозиттер өсімінің 96,3%-ын құрайды. Дәл осы кезеңде валюталық депозиттердің көлемі бар болғаны 0,9%-ға (+0,05 трлн теңге) өсті.
«Бұл халық санасының өзгергендігін және ұлттық валютаға деген сенімнің артқандығын білдіреді. Халқымыз бүгінгі таңда құбылмалы валюта бағамы жағдайына әбден бейімделіп, үйреніп те қалды. Сәйкесінше теңге бағамының өзгерістері қазіргі кезде депозиттердің теңгеден валютаға өтуіне анау айтқандай әсер ете алмайды», – деп түсіндірді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.
Салымдардың долларлануы төмендеп жатыр
2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, жеке тұлғалардың банктердегі депозиттерінің долларлану деңгейі 25,4%-ды құрады. Осылайша жарты жыл ішінде көрсеткіш 1,4 п.т.-қа, ал жылдық тұрғыда 5,0 п.т.-қа төмендеді.
Халық депозиттерінің долларлануының ең жоғары деңгейі Алматы мен Астанада тіркелді – 35,1%, ал қалған өңірлерде бұл көрсеткіш орта есеппен 11,4%-ды құрады.
«Өйткені ірі салымдар үлкен қалаларда, ал бұқаралық сегмент негізінен өңірлерде шоғырланған», – деп хабарлады ҚДКБҚ.
Еске сала кетсек, Freedom Finance Global компаниясы елдегі азаматтардың жинақ мақсаттарын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізді. Оның нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтардың үштен екісінен астамы (70,5%) жеке қаржыларының есебін жүргізеді. Олардың басым бөлігі – кейде (36,2%) жүргізіп отырады, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірінен сәл астамы (34,3%) қаржысын тұрақты түрде бақылап отырады. Сауалнама сұрақтарына жауап берген әрбір төртінші қатысушы (25,1%) өз шығындарын бақыламайды.