Діни алауыздықты қоздырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланған күдікті Ресейден Қазақстанға қайтарылды
Діни алауыздықты қоздырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланған Қазақстан азаматы Ресейден табылды. Бас прокуртураның баспасөз қызметі күдіктінің Қазақстанға жеткізілгенін хабарлады.
«Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары бірлесіп өткізген іс-шаралардың нәтижесінде діни алауыздықты қоздырғаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Ресейден қайтарылды», – делінген хабарламада.
Күдікті 2016-2017 жылдары Алматы қаласында бірнеше рет діни алауыздықты қоздыруға себеп болған. Ол азаматтардың діни сезімдерін қорлауға, азаматтардың дінге деген көзқарасы негізінде олардың эксклюзивтілігін, артықшылығын және кемістігін насихаттауға бағытталған әрекеттер жасаған.
Елдің құқық қорғау органдары діни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша іс қозғап, бұл іске қатысы бар өзге азаматтарды жауапқа тартқан. Ал басты күдікті қылмыс жасаған соң, бой тасалап Ресейге қашып кеткен. Бұдан кейін, Қазақстан тарапы күдіктіге халықаралық іздеу жариялаған.
Ал 2017 жылы күдікті Мәскеуде қарақшылық жасағаны үшін ұсталып сотталған. Көрші елдің заңы бойынша жазасын өтеп болған оны Қазақстанда жасаған қылмысы үшін жауапкершілікке тарту көзделеді. Сол мақсатта күдікті Ресейден экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалған.
Сотты болған азамат бұл қылмысы үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Еске сала кетсек, тамыздың соңында Бас прокуратура Мәскеуде тағы бір күдікті ұсталғанын хабарлаған болатын. Қазақстан аумағында ірі көлемде есірткі контрабандасымен айналысқан күдікті азамат Ресейде ұсталып, елге экстрадицияланған болатын. Ол 60 кг-ға жуық героин мен салмағы 10 кг-нан асатын гашиш контрабандасын ұйымдастырған.
Ал жыл басында АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ұсталған хакер Никита Кислицин Ресейге экстрадицияланған болатын.