3 ауданға жететін электр энергиясын құртқан: Рудный қаласында заңсыз майнерлер анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанай облысының Рудный қаласында майнер болу үшін заңнан аттағандар анықталды. Олар 3 ауданға жететін электр энергиясын заңсыз пайдаланған. Бұл жайлы Қаржы мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.
«Рудный қаласының аумағында бірқатар адам тиісті лицензиясыз заңсыз майнингпен «Bitcoin» қамтамасыз етілмеген цифрлық активін (криптовалюта) өндірумен айналысқаны анықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
ҚМА мәліметінше заңсыз «майнерлер» 3 аудан орталығы немесе 27 орта мектеп, 13 аурухана тұтынатын электр энергияны пайдаланған. Бұл жергілікті электр желілеріне айтарлықтай салмақ түсірген.
Тінту барысында заңсыз майнерлерден 150-ге жуық майнингке арналған ASIC аппараттық-бағдарламалық кешені, оларды салқындатуға арналған құрылғылар, Wi-Fi роутерлер, ұялы телефондар мен ноутбуктер табылып тәркіленген.
«Алдын ала есеп бойынша заңсыз қызметтен түскен қаржының жалпы айналымы 100 млн теңгеден асады», – деп хабарлайды агенттік.
Агенттіктің цифрлық активтермен айналысатын арнайы бөлімшесі заңсыз өндірілген «Bitcoin» криптовалютасы түскен криптобиржадағы аккаунтарды да анықтаған. Сот санкциясымен заңсыз өндірілген бұл цифрлық активтер бұғатталған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2024 жылы жалпы цифрлық активтердің заңсыз айналымы саласында 7 үкім шығарылған. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмыстық жолмен алынған құны 1,2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынған.
Еске сала кетсек, 7 тамызда Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстанда цифрлық активтердің заңсыз айналымы 36 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Агенттіктің цифрлық қылмыспен күресетін арнайы бөлімшелері майнингпен байланысты 18 қылмысты анықтаған.
ҚМА мәліметінше, 2024 жылы цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты 6 үкім шыққан. Заңсыз майниннгпен айналысқан 4 адам сотталған. Оларға 2 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Ал 2 адам бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.