Тоқаев пен Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Alatau City жобасын талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнды қабылдады. Кездесуде Alatau City жобасын талқыланды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вонг Хэн Файн шетелдің инвестициясын, технологиясын және білім әлеуетін тарта отырып, Алатау қаласын тиімді дамыту жөнінде егжей-тегжейлі пікір алмасты», – делінген Ақорданың баспасөз хабарламасында.
Сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданған. Президент осындай жобаларды іске асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.
Айта кететін жайт, Алатау қаласында 12 шағын аудан болмақ. Қаланың бас жоспары дайын. Жаңа қалада 54 мың адам тұрады деп күтіліп отыр. Жалпы ауданы – 88 мың гектар.
Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңесте аталған қала әкімі Әркен Өтенов логистика, медицина және тамақ өнімдері салаларындағы жобалар жөнінде айтқан еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 9 қаңтарда Алматы облысының аумағындағы Жетіген ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойды. Ауыл Алатау қаласы болып өзгертілді.
Кейінірек Ұлттық экономика министрлігі ауылдың қала мәртебесін не үшін алғанын түсіндірді. Бұл жолдарды, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестициялар, технологиялар мен қосымша қаржы қаражаттарын тартуға мүмкіндік береді.
Алатау Алматы қаласының солтүстігіне қарай орналасқан. Бұл орын Алматы қаласын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығымен (Қытай) байланыстыратын маңызды дәліз саналады.