Қазақстанның азаматы екенін үш жыл бойы зыр жүгіріп дәлелдеуге тура келген Тараз тұрғыны 3 млн теңге көлемінде моралдық шығын өтеуді талап етіп, полицияның үстінен сотқа арыз түсірген.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің ақпаратынша, оқиға былай өрбиді. Ойында ештеңе жоқ тараздық 2019 жылдың қыркүйек айында алаңсыз Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Бар шаруасы – мерзімі өткен куәлігін ауыстырып алып, қайта тіркеу. Көп уақыт алатын іс емес. Бірақ мекеме оған қызмет көрсетуденүзілді-кесілді бас тартқан. Сөйтсе, ІІМ мәліметтер базасында тараздық Ресей азаматты деп көрсетіліпті.
«2019 жылдан бастап ол полиция органдарына хабарласып, шетел азаматы емес екенін айтқан. Осылайша, Қазақстан азаматы екенін үш жыл бойы дәлелдей алмаған», – делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.
Араға жылдар салып, 2023 жылы мамыр айында ғана оның Ресей азаматтығын алуға өтініш бермегені, азаматтық алған азаматтардың есебінде тұрмағаны анықталған. Сол хаттың негізінде полиция департаменті тараздықтың «куәлігі жарамсыз» деген белгіні алып тастайды.
Үш жыл бойы әуре-саңға түскен тараздық полиция департаментінің үстінен 3 млн теңге моралдық шығын өндіруді талап етіп сотқа арызданған. Полиция департаменті болса, азаматтықтан шығару туралы тіркеуді шетелдік мекеме – Ресейдің Федералды миграциялық қызметі жасаған деп кінәсін мойындамаған.
Сот тараздықтың өтінішін дер кезінде қарамаған, үш жыл бойы конституциялық құқығын қалпына келтіру шараларын жасамаған деген қорытындыға келіп, полиция департаментінен 300 мың теңге моралдық шығын төлеттіріп берген.