Жаңалықтар

Coca-Cola İçecek Шымкенттен құны 27 млрд теңге болатын зауыт ашты

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Түркиялық Anadolu Group конгломератының еншілес Coca-Cola İçecek A.Ş. компаниясы Шымкентте құны 27 млрд теңге болатын жаңа зауыт ашты. Оның жылына 283 млн литр өнім шығаратын өндірістік қуаты бар. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етпек.

Бүгін, 13 қыркүйекте, зауыттың салтанатты ашылуы рәсімі Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағында өткен. Компания газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі шырындар шығарады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, Шымкент қаласының экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асып жығылған.

Coca-Cola İçecek 2023 жыл түрік экономикасы үшін ауыр жыл болғанына қарамастан, 6,1 млрд түрік лирі (86,254 млрд теңге) көлемінде инвестиция жасаған. Айталық, Өзбекстанға 500 млн доллар инвестиция салып, төртінші зауытын ашып отыр. Биыл тамыз айында Әзірбайжанда екінші зауытын ашты. Бангладештегі Coca-Cola Bangladesh Beverages Limited акцияларын түгел сатып алған.