Ресей соты Нұрлан Нығматулиннің балаларына тиесілі зауытқа қарызын төлеуді міндеттеді

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресейдің Кемер облысының арбитраждық соты «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС-ға қарсы «Горнорудная компания» жауапкершілігі шектеулі қауымдастықтың екі бірдей талап-арызын қанағаттандырып отыр.

Бұл екі іс те ресейлік контрагенттермен келісім-шарттағы міндеттемелерін орындамауға байланысты. Бірінші талап-арыз арыз бойынша ресейлік компания 190,1 млн рубль, екіншісі бойынша 513,2 млн рубль талап етіп отыр. Екі талап та 2023 жылы қыркүйек айында қол қойған ірі келісім-шартқа қатысты.

Мұның алдынада Кемерово облысының арбитраждық соты арызданушының талабын қанағаттандырып, зауыттың 2 банктегі қаражатын бұғаттаған еді. 709,56 млн рубль болатын қаржының 196,33 млн рублі – «Қазақстан Халық Банкінде», ал 513,23 миллион рублі «Москоммерцбанктегі» есепшотта жатқан. Бұл шамамен 3,44 млрд теңгеге жуық қаражат.

 «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» – сары фосфор және құрамында фосфоры бар өнімдерді өндіруге маманданған химия зауыты. egov.kz сайтының мәліметінше, зауыт KAZ Chemicals компаниясына тиесілі. Бұл компания Kazakhmys Resources B.V және Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтардың иелігінде.

Қаржы есептілігі депозитариіндегі 2022 жыл үшін жарияланған есебінде KAZ Chemicals компаниясының 80% үлесі Kazakhmys Resources-ке тиесілі екені жазылған. Ал Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар әрқайсысы компания акциясының 10 пайызын иеленеді. Kazakhmys Resources B.V компаниясының түпкі иесінің бірі – олигарх Владимир Ким екені белгілі.

Айта кететін жайт, былтыр тамызда Жамбыл облысындағы зауытта жарылыс болған еді. Жарылыс салдарынан екі жұмысшы зардап шекті.

Сондай-ақ оқыңыз