Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: жалпы есепте Қазақстан жеңіске жетті

Жарияланды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұпай санымен озық шықты /фото Туризм және спорт министрлігі

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.

Соңғы жарыс күнінде ұлттық құрама спортшылары 11 алтын, 9 күміс, 9 қола жүлде жеңіп алды. «Қазанат» ипподромында өткен бәйгеден Қазақстан 18 жүлдеге ие болды: 6 алтын, 7 күміс, 5 қола.

Ал теңге ілуден жеті құт стилінен Бақыт Төлтай алтын жүлде алды. Құсбегіліктен өткен ақтық сында бүркіт салудан Серікбек Күнтуған жеңіске жетті. Ал күмісті Ержан Байқадамов, қоланы Арман Қошқаров иеленді. Ителгі салудан Бағдат Кеуенов үздік үштікті түйіндеді.

«Алау» мұз сарайында өткен қырғыз халқының ұлттық ойыны – ордодан ақтық сында Қазақстан құрамасы 96:18 есебімен Қырғызстан спортшыларына есе жіберіп алды.

«Думан» қонақ үй және спорт кешенінде өткен түрік халқының зияткерлік ойыны мангаладан әйелдер арасында Құндыз Есіркеп бірінші, Айкерім Қуанышбекова үшінші орын алды. Ерлер арасында Биғали Зкиряев алтын алса, Азамат Қайдаров қола еншіледі. Ал командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды.

«Қазанат» ипподромында көкпардан финал өтті. Ақтық сайыста Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан келген көкпаршылармен күш сынасты. Жарыс тағдыры қосымша берілген 10 минутта шешілді. Команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, 5:4 есеппен қазақ көкпаршыларына жеңіс сыйлады. Бірақ қырғызстандықтармен сайыс соңы дауға ұласты.

Әлеуметтік желіде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметшісі қырғыз көкпаршысына қысым көрсеткені туралы ақпарат тарады. ҰҚК баспасөз қызметі кейін бұл ақпаратты терістеді.

Келесі кезек – Қырғызстанда

Бесінші мәрте ұйымастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 30-дан астам мемлекеттің спортшылары жүлдегер атанды. 8-13 қыркүйек күндері өткен көшпенділер Олимпиадасына 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсық Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табыс етілді.

Сондай-ақ оқыңыз