Алаяқтық жолмен бюджет қаражатын жымқырған мектеп директоры 20 млн теңге айыппұл арқалады
Қостанай облысының Жітіқара аудандық соты мектеп директорына қатысты үкім шығарды. Сотталушы ауыл мектебін басқарған кезде алаяқтық жоспарын жүзеге асырды. Ол құйтырқы жолмен бюджет қаражатын жымқыруды ойластырған.
2022 жылдың тамызында танысының банк шоттарын сұратқан. Директор есепшотқа қаражат аудартып, мектеп қажеттілігіне жұмсайтынын айтқан. Одан кейін мекеме басшысы әлгі танысының атынан қызметтік үйді тазалаушы ретінде мектепке жұмысқа алу жөнінде жалған өтініш жазған. Жалған еңбек шартына қол қойып, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Мектеп директоры «жұмыс уақытын» есепке алу табельдері бойынша 1 995 000 теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлады. Еңбекақы 2022 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қаңтары аралығында «төленген».
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Прокурор судьядан ұрланған мүліктің 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салуды ұсынды. Сотталушы мен қорғаушы соттан іс жүргізу келісімін бекітуді сұрады. Жәбірленушінің өкілі іс жүргізу келісімінің шарттарымен келісті.
Сот іс бойынша барлық мән-жайды ескере отырып, А.-ға мемлекеттік мекемеде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салды. Қылмыскерге 19 950 000 теңге айыппұл салу түрінде жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, биыл Қаржы министрлігі білім саласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит жұмысын жүргізді. Талдау нәтижесінде 36 мекемеде заңсыз қаржы операциялары анықталды. Жымысқы жолмен табыс табудың тағы бір тәсілі – штатта жоқ қызметкерлерге қыруар қаражат төлеу. Мысалы, Қарағанды қаласындағы №33 мектеп-балабақша кешенінде ондаған қызметкерге «жалақы беріліп келген». Тексеру кезінде екі есепшінің ақшаны өз карталарына аударып отырғаны анықталды. Нақтысын айтқанда, мекеменің 207,4 млн теңгесі қолды болды.