Жаңалықтар

Қытайдың мемлекеттік даму банкі инвест жобалар үшін Қазақстанның даму банкіне 2 млрд юань несие бермек

Қытай даму банкі алғаш рет 2 млрд юань несие берді/ коллаж kursiv.media

Қытайдың мемлекеттік даму банкі Қазақстан жобаларын инвестицияламақ. Қазақстанның даму банкіне 2 млрд юань несие беруге келісті.

«Юаньмен жасалған алғашқы кредиттік келісім Қазақстанның даму банкі үшін баламалы валюталық мүмкіндіктер ашып, экономиканың шикізаттық емес секторларына қосымша инвестициялар әкеледі», – деп хабарлады ҚДБ.

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің Қытайға жұмыс сапарымен бардғанда, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева Қытай қаржы ұйымдары келіссөз жүргізді.

Осы жиында Қытайдың мемлекеттік даму банкі, Жібек Жолы Қоры, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Қытай-Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық қоры және Қытай Sinosure корпорациясы, Гонконгтың валюта басқармасының өкілдері болды.

«Қытайдың мемлекеттік даму банкімен келісімге қол қою және Қытайдың негізгі қаржы институттарымен жүргізілген келіссөздер халықаралық әріптестікті кеңейту әрі Қазақстан экономикасының негізгі секторларында бірлескен жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Ботагөз Әбішева.

ШЫҰ саммиті қарсаңында «Қазақстанның даму банкі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) Қытайдың жетекші қаржы институттарымен келісімдерге қол қойды. Осы іскерлік келіссөзде Қытайдың мемлекеттік даму банкі (China Development Bank) ҚДБ-ға жеңілдетілген кредит беретіні айтылды.

Несие қаржысы жалпы ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын республикалық маңызы бар автожолдарды қалпына келтіруге бағытталады. Жоба өңірлердің көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған. Осы мақсатта ҚДБ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 450 млрд теңгеге баламалы кредит желісін ашты.