Жаңалықтар

Түркі елдері арасындағы кеденде жүк оңайлатылған дәлізбен өтпек

Фото: kursiv.media архивінен

Сенат Түркі мемлекеттері ұйымы үшін кеденде оңайлатылған дәліз жасауды мақұлдады. Бұл тауардың жеткізу уақытын қысқартып, бағаның төмендеуіне ықпал етеді.

Оңайлатылған кедендік дәліз Түркі мемлекеттері ұйымы электронды түрде тауар мен көліктер жөніндегі мәліметтерді алмасу арқылы кедендік бақылау мерзімін қысқартады.

Алты айға арналған пилоттық жоба қолға алынбақ. Осы уақыт ішінде жаңа жүйенің барлық техникалық, әкімшілік және заңдық аспектілері жасалады деп уәде етіліп отыр.

Түркі мемлекеттер ұйымына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Орта дәліз бойынша Қазақстан жылына 4 млн тонна жүк тасымалдайды деп күтіліп отыр.

Түркі мемлекеттері ұйымы бұрын Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп аталды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия басшыларының бас қосуында Түркі тілдес мемлекеттердің 2009 жылы 3 қазанда Нахчыван (Әзербайжан Республикасы) қаласындағы 9-шы Саммитінде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК немесе Түркі кеңесін) құру келісіміне қол қойылды.

2011 жылға дейін Түркі тілдес мемлекеттердің басшыларының саммиті форум форматында өтіп келді. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі 2021 жылдың қарашасында Ыстанбұлда өткен VIII Саммитте Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) деп атауын өзгертті.

Мұның алдында Түркі мемлекеттері 34 әріптен тұратын ортақ әліпби нұсқасын мақұлдағанын жазғанбыз.