400 млн долларлық жаңа аспалы жолдар Алматы тау кластерін алға сүйрей ала ма?

Жарияланды
"Жылжымайтын мүлік" бөлімінің редакторы
Фото: Илья Ким

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Туризм және спорт министрлігіне 2025 жылдың сәуіріне қарай Алматы тау кластерін дамыту жоспарын бекітуді тапсырды. Аталған орын – шетелдік туристерді тарту әлеуеті жоғары басымдыққа ие үш бағыттың бірі. Бірақ оны дамыту үшін жүздеген миллиард теңге қажет.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, 82 елге арналған визасыз режим және шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» жүйесі 2024 жылы Қазақстанға келетін шетелдік туристер ағынын екі есе арттырған. Сондықтан x2 трендіне қол жеткізілді деп айтуға негіз бар. «Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 9,2 млн шетелдік турист келді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал егер осы жылдың жартыжылдығын өткен жылдың жартыжылдығымен салыстырсақ, шетелдік туристердің келуі тағы да екі есе өсіп жатқанын көруге болады», – дейді ол.

Әрбір шетелдік турист Қазақстанда орта есеппен ішкі туристке қарағанда тоғыз есе көп ақша қалдырады (бір күн үшін 38 доллардың орнына 334 доллар). Сондықтан да елдің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына шетелдік туристерді тарту әлеуеті аса жоғары үш туристік дестинацияны бірінші кезекте дамыту жөніндегі міндеттер жүктеліп отыр. Бұлардың қатарында Алматы тау кластері (АТК) де бар.

«Мемлекет басшысы үш дестинацияны басым түрде дамытуды тапсырды. Солардың бірі – жақын арада ел картасында және жалпы әлемде елеулі туристік орталыққа айналуы мүмкін Алматы тау кластері», – деді Еркінбаев.

АТК тау курорттарының мәліметтері бойынша, әзірге шетелдік қонақтардың қанағаттануы 69 NPS деңгейінде (Net Promoter Score, тұтынушылық сенім индексі). Бұл «керемет» дегеннен гөрі «жарап тұр» деген бағаға саяды. Мұндай бағалаудың негізгі себептерінің бірі – қолжетімді курорттардағы жүктеменің жоғарылығы және орналастыру орындарының болмауы.

Басымдыққа ие дестинация

АТК ең ірі тау курорттарының бірі «Шымбұлаққа» Қазақстанға келген әрбір төртінші шетелдік турист міндетті түрде соғады. Өткен жылы мұнда екі миллионнан астам шетелдік туристер келген. Әрі келгісі келетіндердің қатары тым қалың.

«Біз байланыс орнатқан Қытай туроператоры «Шымбұлаққа» ай сайын 250 мың турист жіберуге дайын. Ал біздің өңірде төсек-орын саны 10 есе аз», – деп шағымданды Shymbulak тау курортының бас директоры Ринат Әбдірахманов. – «Тау курорттарының жүктемесі жоғары. «Шымбұлақ» жылына 500 мың келушіге есептелген, бірақ қазір адамдар бізге үш есе көп келеді. Инфрақұрылым тұрғысынан шектелгенбіз, яғни тұру орындары жетіспейді мен жолдың ұзындығы да қысқа. Сондықтан билет сатылымын шектеуге тура келеді».

Трассалардың салыстырмалы түрде қысқалығы әрі бытыраңқылығы АТК-ның еуропалық нарық үшін тартымдылығын төмендетеді.

«Еуропалық туристердің талабы жоғары. Әрқайсысы 25 шақырымнан аспайтын бір-екі курорт үшін Еуропадан турист келмейді. Оларға үлкен кеңістік қажет, яғни 100 шақырымнан асатын жол керек», – деді Еуразиялық Тау курорттары альянсының бас хатшысы Андрей Кукушкин.

Нарық қатысушылары АТК-ны дамытудың бір жолы ретінде тау шаңғысы трассаларының қолда бар тау курорттарымен жалғауды ұсынып отыр. Бірнеше аспалы жолдар арқылы олардың арасында бірыңғай шаңғы аймағын құруға болады. Алдағы уақытта Алматының батысы мен шығысында жаңа тау курорттарын салу да ұсынылып отыр.

Көтергіштің көмегі

Әбдірахмановтың айтуынша, АТК тау шаңғысы, тау және экотуризмнің әлеуетті орасан зор орталығы болып саналады. Орналасқан жері екі миллионнан астам халықы бар Алматы қаласы мен радиусы шамамен 100 шақырымды құрайтын таулы аймақты біріктіреді. Ал таулы аймақ үш кластерден тұрады: шығыс, орталық және батыс.

Шығыс кластері – қолданыстағы «Ақ бұлақ» курорты және жоспарланып отырған «Түрген» жобасы. Батыс кластері – әлеуеті зор «Қаскелең» тау курорты. Орталық кластер – дәл қазір біз сөз етіп отырған «Шымбұлақ» және «Ой-Қарағай» ірі тау курорттарын, сондай-ақ бірнеше шағын курорттар мен тау шаңғысы базаларын (оның ішінде жұмыс істемейтіндерін де) біріктіреді: «Табаған», «Талғар», «Пионер», «ТАУ-парк» және ЦСК. «АТК тауларының әлеуеті 2018 жылы зерттелді, соның негізінде бас жоспар әзірленді. Кластердің бірегейлігі – аңғарлардың әрқайсысына жеке кіру мүмкіндігі бар, көптеген орындардағыдай кез келген жерден еніп кету мүмкіндігі жоқ», – дейді Master Concept Central Asia бас директоры Асқар Уәлиев.

Бас жоспарға сәйкес, тек орталық кластердің тау шаңғысы трассаларын біріктіру жалпы трассалардың ұзындығын 65 шақырымнан (қазіргі уақытта курорттарда бар жалпы трассалардың ұзындығы) 106 шақырымға дейін, ал шаңғы тебушілердің бір күндік санын 9 мыңнан 26 мыңға дейін арттыруы мүмкін.

«Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» арасындағы жол – 45 шақырым, бұл дегеніңіз кептеліспен бір жарым сағаттық жол, ал тікелей таулар арқылы қатынау – 13 шақырым. Курорттар арасында үш шатқал бар – Қимасар, Бутаковка, Қотырбұлақ. Олардың әрқайсысында өз курорттары бар. Таулы аймақ олардың барлығын аспалы жол жүйесі арқылы байланыстыруға мүмкіндік береді. Көтергіштерді қыста шаңғышылар мен жазда жаяу жүргіншілер пайдаланады», – деп түсіндірді Андрей Кукушкин.

«Жоғары» жақтан кіру шатқалдардағы шағын курорттар мен шаңғы базаларын дамытуға мүмкіндік береді. «Әдетте, шағын курорттардың даму шығындарына, жабдықтарды сатып алуға шамасы келмейді. Тиісінше, олар негізінен қалдық қағидаты бойынша жұмыс істейді: үлкен курорттар жасамаған дүниенің барлығы кішкентайлардың еншісіне тиеді. Осындай туристік каннибализм жүріп жатыр. Ал қалдық қағидатын ескерсек, мұндай шағын курорттар ұзақ мерзімді перспективада жай ғана елес курорттарға айналады», – деп атап өтті Әбдірахманов.

Инфрақұрылымдық шығындар

Аспалы жолдарды салу – кез келген тау курортын салу (дамыту) кезіндегі шығындардың негізгілерінің бірі. Посткеңестік кеңістікте қазір мұндай инфрақұрылымды көбінесе жеке инвесторлар емес, туризмді дамытуға мүдделі мемлекеттің өзі салады. 9 қыркүйекте «Ой-Қарағайда» өткен Еуразиялық Тау курорттары альянсы басшыларының саммиті аясында сарапшылар осындай тәжірибемен бөлісті.

Грузияда аспалы жолдар, жасанды қарлы жүйелер мен қар көшкініне қарсы жүйелер секілді капиталды қажет ететін инфрақұрылымның барлығы мемлекеттік есебінен салынып жатыр. «Мемлекет курорттардың барлығын біріктіріп, басқаруды өз мойнына алды. Жеке меншіктің есебінен аспалы жолдар басқа инфрақұрылыммен толықты. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің мәні мынада: жеке меншік иелері қайда инвестиция салу керектігін айтады, ал мемлекет инвестиция салады. Курорттар толығымен мемлекетке тәуелді емес, кірістерді бақылауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қазір Үкімет басқаруды біртіндеп жеке қолға беруді жоспарлап отыр», – дейді Грузия Экономика және тұрақты даму министрлігінің тау трассалары агенттігінің бас директоры Ираклий Бурчуладзе.

Әзірбайжанның «Шахдаг» курортының тау шаңғысы инфрақұрылымы да толығымен бюджеттік қаржыға салынған. «Шахдагтың» тарихы Президенттің 2006 жылғы тапсырмасынан бастау алды. 2009 жылы төрт фазаның біріншісінің құрылысы басталды. Курорт үшін газ генератор станциясы, 12 арқанжол, 37 шақырым автокөлік жолы салынды. Мемлекет инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруды өз мойнына алды. Бұл дегеніміз – 1 млрд доллардан астам қаржы. Құрылысты қадағалау үшін мемлекеттік компания құрылды. Құрылыс аяқталғаннан кейін (бірінші кезеңді пайдалану 2012 жылы басталды) Инфрақұрылым МЖӘ схемасы бойынша жеке серіктестермен өзара әрекеттесе алатын мемлекеттік компанияға берілді. 10 жыл ішінде жеке меншік иелері курорт айналасында 39 қонақ үй мен жүздеген мейрамхана салды», – дейді «Шахдаг» тау курортының басқарма төрағасы Рустам Наджафов.

Қырғызстанда мемлекет бас жоспарды әзірлеуді қаржыландырды және мемлекет есебінен «Үш шың» (Ыстықкөл облысындағы Жырғалан, Ақбұлақ және Боз-Учук) тау кластері үшін инфрақұрылым құрылуға тиіс. Бұл жердегі әңгіме тек жолдар мен инженерлік құрылыстар, коммуникациялар туралы ғана емес, сонымен қатар көтергіштер туралы да болып отыр. Қырғызстандағы тау шаңғысы базалары қауымдастығының төрағасы Кирилл Иргисцев 2024 жылға қарастырылған 15 млн доллар көлеміндегі қаржыландырудың 3 млн долларын Қырғызстан үкіметі бөліп қойғанын жеткізді. «2026 жылдың соңына қарай «Жырғалан» курортында алты аспалы жол, 60 шақырым трасса және 560 бөлменің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр», – деген ол, Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаров Жаңа жылда қырғызстандықтарды тау шаңғысы базасында тұрып құттықтағанын еске салды. Ауқымды жобаны іске асыру үшін Қырғызстан Президенті Іс басқармасының жанынан «Қырғыз Куршевель» мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Мемлекеттен басқа кімің бар?

Қазақстанда бас жоспар мен техникалық-экономикалық негіздеме дайындау мемлекет есебінен қаржыландырылады. Мемлекет жол және инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз етуді де өз мойнына алады. Бірақ аспалы жол салуға қаржы бөлгісі келмейді.

«Біз басқа жолмен жүреміз: мемлекеттен ақша алмаймыз, бірақ халықаралық қаржы институттары арқылы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың мемлекеттік кепілдіктеріне сенім артамыз», – деп түсіндірді Андрей Кукушкин.

Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, аспалы жолдарды салу және беткейлерді дайындау құны (қар басу жүйелерін қоса алғанда) бүгінде (валюта бағамдарының өзгеруін ескере отырып) шамамен 380 млн долларды құрайды. Ринат Әбдірахмановтың бағалауынша, ағымдағы бағамен аталған инвестициялардың өтелуіне 50 жылдан астам уақыт керек. «Салынған қаржыны өтеу ойдағыдай болады деп қиын. Өйткені аспалы жолдың қызмет ету мерзімі – 20 жыл», – деп толықтырды «Oi-Qaragai»-дың бас директоры Дмитрий Матяс. – «Шаңғы асуы қымбат тұратын Еуропада салынған қаржыны өтеуге 10-15 жыл кетеді. Біз үшін тиімді жол – жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер үшін сараланған тариф енгізу».

Еуразиялық даму банкі Алматы тау кластерін дамыту жобасын қаржыландыруға дайын. «Аспалы жолдарға 300 млн доллар және дайындауға 80 млн доллар керек, оны жеке инвестор көтере алмайды. Біз өзара іс-қимыл жасауға дайынбыз. Бізде 50 жылда өтелетін жобалар әлі болған жоқ. Дегенмен 25 жыл тиімді болмақ, – дейді Еуразиялық даму банкі Көлік және инфрақұрылым дирекциясының атқарушы директоры Сергей Пасеко. – Қаржыландыру құрылымы – 70/30, біз МЖӘ аймағына өткеннен кейін пропорция 90/10-ға өзгереді. Мұндағы 90% – қарыз қаражаты, ал 10% – бастамашылардың қаражаты».

Қазақстандық тараптан осындай жобаның бастамашысы кім болатынын Үкімет пен жеке бизнес шешуі керек. Өйткені 380 млн доллардың 10%-ының өзі қомақты сома. «Шешім инфрақұрылымды кім басқаратынына және оны пайдаланатынына байланысты. Егер курорттар концессионер қызметін атқара бастаса, онда олар бастамашы болады», – дейді Кукушкин.

«Қолданыстағы курорттар қаржыландыруды өз мойнына ала алмайды», – дейді Әбдірахманов. Ал көтергіштер мен басқа инфрақұрылымды басқаруға қатысты спикер бірнеше нұсқаны ұсынды. «Грузияның тәжірибесін негізге алуға болады. Онда тау инфрақұрылымын басқару және оны қолдау ісімен мемлекеттік компания айналысады. Андорра тәжірибесі бар. Онда екі жеке курорт бірігіп, бір дестинацияны кезекпен басқарады. Әр бес жыл сайын басқару бір компаниядан екіншісіне ауысады. Бірнеше курорттың консорциумын да қарастыруға болады. Мемлекеттік-жекеменшік басқару мүмкіндігін де естен шығаруға болмайды. Әр түрлі модельдер бар, соларды талқылайтын боламых», – дейді Shymbulak басшысы.

Қысқасы, тау инфрақұрылымын қаржыландыру және басқару тәсілдері бойынша жақын арада шешім қабылдамаса болмайды. «Мемлекет басшысының келесі жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін Үкіметтің қаулысымен АТК даму жоспарын бекіту туралы тапсырмасы бар. Бұл құжатта қандай шараларға және нендей тетіктер арқылы баратынымыз нақты жазылуға тиіс», – деп түйіндеді Ержан Еркінбаев.

Сондай-ақ оқыңыз