Research

Германия Орталық Азиядағы 5 елге 10 млрд еуродан астам қаржы құйған. Қазақстанмен сауда айналымы 3,8 млрд доллардан асты

Неміс экономикасының сыры неде? / Архив: kursiv.media

Германия – әлемде экономикасы жағынан ең ірі және ең дамыған елдердің бірі. Ол негізінен өнеркәсіп пен өндірістік секторға негізделген. Елде автомобиль, машина жасау, химиялық өнімдер және электроника сияқты салалар жақсы дамыған. Германия әлемдегі ең ірі автомобиль өндірушілері мен экспорттаушыларының бірі. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың ең ірі экономикасы және әлемдік қаржы саласына айтарлықтай әсер ететін ел.

Инфографика: kursiv.media

Орталық Азиямен байланыс

Германия мен Орталық Азия арасындағы қатынастар қазіргі уақытта түрлі салада дамып келе жатыр. Бұл өңірдің экономикалық, саяси және мәдени қызығушылықтары арқылы жүзеге асуда. Германияның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктестері Қазақстан мен Өзбекстан. Германия түрлі өнеркәсіптік өнімдер, технологиялар және қызметтерді экспорттайды, ал Орталық Азиядан негізінен шикізат, энергетикалық ресурстар және ауыл шаруашылығы өнімдері импортталады.

Инфографика: kursiv.media

Сауда-саттық та ұлғайып келеді

2023 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы сауда айналымы 5,6 млрд доллардан асты. Оның тең жартысы 3,8 млрд доллары (52,6%) Қазақстанға тиесілі. Екінші Өзбекстан 1,0 млрд, қалған 0,8 млрд доллар Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріне тиесілі.

Германияның ресми статистика департаментінің ақпараттары біздегі мәліметпен салыстарғанда өзгеше. Айырмашылық 2 есеге жуық. ГФР ұсынған ресми статистикада Германия мен Орталық Азия елдерінің сауда айналым көлемінде айырмашылық үлкен. Себебі кеден заңы, ЕуроОдақ шарттары мен туарлардың  әртүрлі классификациялар мен категориялар (реэкспорт/реимпорт) шартттарына байланысты.

Инвестиция турасында

Соңғы мәліметтерге назар аударсақ, Германия өңірдегі 5 елге 10 млрд еуродан астам инвестиция құйған. Германияның ірі компаниялары – Siemens, Bosch, және Volkswagen Орталық Азия елдеріне инвестиция құйып, инфрақұрылым және өндіріс салаларында жобаларды жүзеге асырады. Германияның сыртқы саясатында Орталық Азия өңіріне стратегиялық қызығушылық бар. Бұл өңірдің энергетикалық ресурстары, геосаяси орналасуы және қауіпсіздік мәселелері ГФР саяси назарында.

Қазақстан-Германия байланысы

Қазақстан мен Германия арасында сауда айналымы да айтарлықай өсіп келеді. Мәселен, 2020 жылы 2,1 млрд доллардан 2023 жылға қарай 81,5%-ға өсіп, 3,8 млрд доллардан асты. 2024 жылдың І жартыжылдығында 1,9 млрд долларды құрап отыр.

Инфографика: kursiv.media

Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық қатынастар бірнеше маңызды аспектілерді қамтиды. Бұл қатынастар екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға және өзара инвестициялық ағынды арттыруға бағытталған.

Германияның ірі энергетикалық компаниялары Қазақстанның мұнай және газ секторына инвестиция салады. Мысалы, «Wintershall» және «RWE» сияқты компаниялар Қазақстанда түрлі энергетикалық жобаларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ химия және фармацевтика саласындағы ГФР компаниялары Қазақстанда жаңа өндірістер ашу және ғылыми-зерттеу жобаларына инвестиция салуда.

Инфографика: kursiv.media

ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше Германия Қазақстанның тәуелсіздік жылдарынан бері 6,7 млрд доллардан астам инвестиция  құйды. Былтыр, яғни 2023 жылы бұл рекордтық көрсеткішке жетіп, немістер салған инвестиция көлемі бір жылда 770 млн долларға жуық болған. Инвестиция ковидтік жылдары теріс мәнді көрсетіп, 2022 жылдан бері оң динамикада қалыптасты.

Инфографика: kursiv.media

Энергетикалық байланыс

Қазіргі уақытта Қазақстан Еуропалық Одақ, оның ішінде Германия үшін аса қажет 34 маңызды шикізаттың 19-ын өндіріп отыр. Еуропа қазірдің өзінде фосфордың 79%-ын Қазақстаннан алады, титан металының ең ірі жеткізушісі. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, неміс компаниясы Шығыс Қазақстандағы литий өндіру жобасына 700 млн доллар инвестиция салады деп күтілуде.

Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланған. 2023 жылы ауқымды жобаны Svevind Energy Group компаниясы қолға алды. Маңғыстау облысының Қарақия ауданында «жасыл» сутегі өндіретін зауыт салынады. «Жасыл» сутегі болашақтың энергия тасымалдаушысы деп аталады. Алайда оны өндіру мен тасымалдау өте қымбатқа түседі. Егер бәрі жоспарға сай болса, жеті жылдан кейін, Құрық маңындағы өндірістік кешен іске қосылып, 2032 жылы жобалық қуатына жетеді. Зауыт жылына 2 миллион тоннаға дейін «жасыл» сутегін өндіруге қауқарлы болады. Егер шикізат сараптамадан өтсе, Еуропа үшін Қазақстан жаңа дәліз ашады.