Қазақстан Моңғолияға асыл тұқымды қой экспорттайды. Бұл туралы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Самат Төлегенов пен Моңғолия Ветеринария бас басқармасының өкілдері Батсух Басаан және Дэлгэрмаа Басаанмен кездесуінде белгілі болды.
Айта кететіні, биылғы жылдың тамыз айында екі елдің ведомстволары экспорталатын тауарлық және асыл тұқымды қойлар мен ешкілерге арналған ветеринариялық сертификат бойынша келісімге келген болатын.
«Қыркүйек айының басында Моңғолия өкілдері Түркістан облысының шаруашылықтарына ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша тексеріс және тәуекелдерді бағалау жүргізді. Ветеринариялық қызметтің құрылымы мен елде жүргізіліп жатқан ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар оң бағаланды», – деп хабарлады АШМ.
Еске сала кетсек, былтыр Қазақстанда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлінді.
Қаржы Абай, Жетісу, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталды.