Күзгі блюз: ересектер неге күзде депрессияға түседі және одан қалай айығуға болады?

Жарияланды 14 Қыркүйек 2024 18:07

(жаңартылды 15 Қыркүйек 2024 10:38)
Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Күзгі депрессиядан қалай айығуға болады? / Архив: kursiv.media

Жаздың жаймашуақ күндері азайып, күн суыта бастағанда көңіл-күй құбылатыны бар. Мұндайда ешқайда барғыңыз келмей, күні бойы қалың көрпеге оранып, жата бергіңіз келуі мүмкін. Әліңіз құрып, ештеңеге зауқыңыз болмайды. Поэзияда бұл құбылысты көркемдеп «күзгі блюз» деп сипаттап жатады. Ал психологияда мұны «депрессия», нақтырақ айтқанда «аффектив бұзылыс» дейді. Күзге қарай байқалатын бұл құбылыстың пайда болу себебі неде? Оны қалай реттеуге болады? «Курсив» осы тақырыпты зерттеп көрді.

Біз айтқан бұл күйдің «күзгі хандра» деген атауы да кездеседі. Десек те, медицина тұрғысынан айтсақ, мұны маусымдық аффектив бұзылыс деген дұрысырақ. Бұл үлкен депрессиялық бұзылысқа ұқсас келеді. Бірақ бір ерекшелігі — маусымдық түрінде атауы айтып тұрғандай белгілі бір мезгілдің өзгеруіне байланысты пайда болып отырады. Көбіне күз-қыс айларында өршиді. Сөйтіп көктем-жазға салым толық ремиссия болады. Ғалымдар жасаған зерттеулерге қарасақ, күзгі депрессия не маусымдық аффектив бұзылыс симптомдары кәдімгі депрессияға өте ұқсас. Атап айтқанда, күш жоғалып, ештеңеге зауқыңыз соқпай, ұйқы қашып, жұмыс не сабаққа селсоқ қарап, тәбет жоғалады.

Депрессия деген не?

Адам болған соң, көңіл-күйдің болмай, өмірден мән жоғалғандай күш кешуі — заңдылық. Ондайда адам өзгеріп кетеді. Ондайда айналадағылар «Не болып кеткенсің?» деген сауалды да көп қояды. Себебі ол сырт көзге көрініп тұрады. Көбіне көңіл-күйдің құбылуы мезгіл ауысуына байланысты болады. Әлдебір маусымда басталып, келесі маусымда аяқталады дегендей. Мысалы күн қысқаратын күз бен қыс айларында тұңғиыққа батып жүретіндер болады. Ал күн ұзара түскен сайын құлпырып, өмірге деген құлшынысы арта түседі. Кейде осындай көңілдің кейбір кездері адамның жай-күйіне, ойлауына, күнделікті тірліктерді істеуіне әсер етеді. Сондықтан кері әсер болмауы үшін мұны қалыпта ұстауды үйрену керек.

Күзгі депрессия неден пайда болады?

Көбіне күзгі депрессияның белгілері күздің аяғында, қыстың басында біліне бастайды. Сөйтіп бірнеше айға жалғасып, көктем келе, жазға салым «жазылады». Ал енді бірі керісінше көктем-жазда депрессияға түсуге бейім болады. Мұның бәрі маусымдық бұзылысқа жатады. Дегенмен күзгі түрі әлдеқайда жиі кездеседі. Ересектерде күзге салым сондай депрессия басатын күйді түсіндіретін теория жетіп артылады. Соның ішінде ең жиі кездесетіні мынадай: күзде және қыста күн көзі азаяды. Мысалы зерттеулерде солтүстік жақта тұратындар оңтүстіктегілерге қарағанда депрессия сарсаңына көбірек түседі деп айтылады. Демек, күн сәулесі мидың гипоталамуста орналасқан ерекше бөлігіне әсер етеді деген сөз. Әлгі ми бөлігі ұйқы, жүрек қағысы, артериялық қысым, тамаққа тәбет, салмақ қосу не жинау, сексуалдық функцияларға жауапты. Енді екеуінің арасындағы байланысты түсініп тұрсыз ба? Күзгі депрессияға қатысты келесі бір теория мынадай: күн сәулесі аз түскен кезде көңіл-күйге әсер ететін ішкі биологиялық сағаттар жылжып кетеді деседі. Яғни жарық биологиялық сағатты ауыстырады деген сөз.  

Бұл кезеңде адамның күші сарқылып, үнемі маужырап жүруі мүмкін

Мидың жүйкелер арасында ақпарат таситын химиялық заттары (серотонин деген сияқты) маусымдық аффектив бұзылысы бар адамдарда өзгеріп тұруы да мүмкін. Сондықтан жарық мол болса, ол дисбалансты қалыпқа келтіруге болады деген теория бар. Ұйқы режиміне қатысы бар мелатонин де маусымдық аффектив бұзылысқа қатты әсер етеді. Кей зерттеушілердің еңбегіне қарасақ, күн сәулесі жетпеген кезде мелатонин бөліне бастайды екен. Сөйтіп соның әсерінен адамның күші сарқылып, үнемі маужырап жүруі мүмкін. Тағы бір қызығы, маусымдық аффектив бұзылыс көбіне жастарда кездеседі. Адам қартайған сайын ол күй азая береді екен. 

Күзгі депрессияның белгілері қандай болады?

Жалпы алғанда депрессияның белгілері қай кезде де ұқсас. Дегенмен күзгі түрінде симптомдар белгілі бір уақытта басталып, бір кезде өзі басылады. Басты белгісі — көңіл-күй болмай, ой шашырап жүреді. Мұң басқан күй бірнеше күн қатарынан не бір күннің біраз бөлігін алады. Кейде тіпті екі апталап сол күйден шыға алмауыңыз мүмкін. Соның кесірінен жұмысқа ынта болмайды. Жасөспірім не жастарда сабаққа құлшыныс азаяды. Кей адамдарда тәбеті өзгеріп, салмағы құбылады. Бірі тым арықтап кетсе, енді бірі салмақ қосады. Ұйқысыздық не керісінше үнемі маужырап жүруі мүмкін. Еш нәрсеге зауқыңыз соқпай, жұмысқа да, оқуға да ынта жоқ болып кетеді. Жаңа адамдармен танысудан қашып, хоббимен де айналыспай кетуіңіз ғажап емес. Өзіңізді ешкімге пайдасы жоқ, үмітсіз сезінесіз. Бойды пессимизм басып, өзіңізді түкке тұрғысыз адам сезініп кетесіз. Отбасыңыз бен жақындарыңыздан алшақтайсыз. Уақыт тоқтап қалғандай түсініксіз сезім көбейеді. Сәл нәрсеге шыны секілді «сына» салуыңыз мүмкін. Үнемі шаршаңқы сезініп, әліңіз жетпей жүреді. Әлденеге назар салып, ойланайын десеңіз де, қолыңыздан келмейді. Есте сақтау қабілетіңіз де төмендеп кетуі мүмкін. Қит етсе, жылай салуға дайын тұрасыз. Неге екені белгісіз жанарыңыз жасқа тола береді. Тіпті өз-өзіне қол салуға да бекінетіндер болады. Мұндай деңгейге жеткізбеуге тырысу керек. Егер осы айтылғанның біразы бойыңызға кездессе, бұған бей-жай қарауға болмайды. 

Күзгі хандрадан қалай емделуге болады?

Бірінші кезекте өзіңізге өзіңіз диагноз қойып алуды әдетке айналдырмаңыз. Мысалы депрессияның бірнеше белгісін байқадыңыз делік. «Демек, мен ауырып жүр екем» деп маманның орнына шешім қабылдауға болмайды. Алдымен дәрігерге барып, қаралыңыз. Себебі кейде сіздегі физикалық пробелмалар депрессия шақырған болуы мүмкін. Бірақ кей жағдайда сіздің маусымдық аффектив бұзылысыңызға психиатриялық мәселелер себеп болуы ғажап емес. Сондықтан дәрігерге барып, содан кейін ғана емге кіріскен абзал. Маман сізді тексереді, анализ тапсыртып, жай-күйіңізді анықтайды. Күзгі депрессия бар ма, әлде сіздегі бұзылыс басқа ма — тексереді.

Диагностика қалай жасалады?

  • Жоғарыда айтылған үлкен депрессия белгілері бойыңызда болуы керек;
  • Депрессиялық эпизодтар белгілі бір маусымдарда ғана болады. Яғни тұрақты түрде қыста не көктемде ғана дегендей. Кеміне екі жыл осы күй қайталанған болуға тиіс.
  • Осы эпизодтар басқаларына қарағанда көбірек болуы керек. Себебі адам өмірінде басқа да депрессиялық эпизод жиі кездесуі мүмкін. Дәл мезгілдік бұзылыс па, әлде басқа ма анықтап алу шарт.

Заманауи ем тәсілдері

Ең алдымен егер өзіңізде маусымдық аффектив бұзылыс симптомдары бар деп ойласаңыз, онда терапевт не психиатрға барып көрінгеніңіз абзал. Көбіне мұндай бұзылыс бар адамдрға көмектесетін ем тәсілдері 4 негізгі санатқа бөлінеді. Оларды жекелей де, комбинация түрінде де қолдануға болады:

  • Жарық терапиясы;
  • Психотерапия;
  • Антидепрессант;
  • D дәрумені

 Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ.

Жарық терапиясы. Ғалымдардың зерттеулеріне қарасақ, ішкі жарықтан 20 есе жарық болатын қораптар ем ретінде өте пайдалы деседі. Мұндай жарық қорапшаларын сатып алу қиын емес. Әйтсе де, алдымен дәрігермен кеңесіп алу аса маңызды. Өздігіңізбен сатып алып, пайдаланбаңыз. Себебі ол көзіңізге зиян келтіруі мүмкін. Жарық қорапшаларынан тарайтын жасанды жарықтан әсер болады десек те, табиғи жарыққа жетері жоқ, әрине. Сондықтан көктем, жазда далада көп серуендеген жөн.

Психотерапия (кейде оны «әңгіме терапиясы» деп те атайды) тәсілі күзгі депрессияны жеңуге көмектесетін әдістің бірі. Когнитив мінез-құлық терапиясы деп қиын жағдайға тап болған адамдарды сол күрмеулі кезеңнен жақсы алып шығу үшін әңгімелесу арқылы емдейтін тәсілді айтамыз. Оны маусымдық аффектив бұзылыс кезінде де қолдануға болады. Көбіне мұндай терапия 6 аптадай уақытқа созылады. Аптасына шамамен 2 топтық сабақ өтіп тұрады. Қыс не күзге қатысты негатив ойды позитивке ауыстыруға көмектеседі. Біреуге, мәселен, қыста жылдам қараңғы бататыны ұнамауы мүмкін дегендей. Терапия осы жағымсыз ойды өзгертуге қол ұшын береді.   

Фармакотерапия. Маусымдық аффектив бұзылысты дәрімен емдейтін тәсіл де бар. Бірақ оны міндетті түрде маман жазып беруі керек. Депрессияның басқа түрлеріндегідей мұнда да сератонин қызметі бұзылады. Сондықтан симптомдар байқалған кезде антидепрессанттар қолданылады. Сол агенттер сератонин жұмысын қалыпқа келтіруге көмектесуі мүмкін.

Салауатты өмір салты. Мейлі дәрі ішіңіз, мейлі терапиядан өтіп жатыңыз, адамға бәрібір салауатты өмір салтын ұстану ләзім. Яғни күнделікті таза ауада серуендеп, көбірек қимылдау, дұрыс тамақтану, уақытылы ұйықтау деген аса маңызды. Жаттығу жасап, құнарлы тамақ жеп жүрген адам жайсыз белгілермен жақсырақ күреседі.  

D дәрумені. Маусымдық аффектив бұзылысы бар адамдардың біразында D дәрумені тапшы. Оны анализ тапсырып анықтауға болады. Соған байланысты сізге қандай дозасы керегі анықталады. Қосымша дәрумен ішетін болсаңыз, күзгі хандрадан шығу оңайырақ болады.

Сондай-ақ оқыңыз