Жаңалықтар

Еуропа елдері су тасқынымен күресуде: Румынияда төрт адам мерт болды

Чехия аумағын су басуда/ Фото: NewsLubuski.pl

Жексенбіге қараған түні күшті су тасқынының салдарынан Аустрияның кейбір бөліктерінде теміржол қозғалысы тоқтатылды және Венадағы метро жартылай жабылды. Билік Төменгі Аустрия провинциясындағы 24 ауылды өте қауіпті аймақта тұр деп 14 қыркүйекте тұрғындарды эвакуациялауға көшті.

Еуропа елдері қазіргі уақытта тасқынға қарсы күресуде. Жұма, 13қыркүйек күні Чехияда нөсер күшейіп, қоймалардан су жіберу көлемі ұлғайды. Метеорологтар Польша мен Германия, Аустрия мен Словакияға тасқын қаупі күшейетінін ескертті. Еуропа елдері дайындыққа кірісті.

Чехия өз аумағында 20 жылдан бері жаумаған нөсердің басталуы мүмкін екенін болжаған. Опава қаласында тасқыннан зардап шеккен адамдарды эвакуациялауда. Елде 63 мыңдай адам жарықсыз қалған.

BBC мәліметі бойынша Румынияда төрт адам қаза тапқан. Төтеншеліктер су басқан елдімекендерден адамдарды құтқаруға тырысуда.

Euronews Шығыс Альпі тауында қалың қар жауғаны туралы жазды. Аустрия мен Германияның тау маңындағы аумақтарына да қауіп төнді.

Орталық Еуропа елдері 1997 жылы болған су тасқынының қайталануынан сақтанып отыр. Сол кезде 100 адам көз жұмған.

Өткен аптада Вьетнамның солтүстігінде болған «Яги» тайфуны мен одан туындаған көшкін мен су тасқынынан 24 адам қаза тапты және 299 адам жарақат алды.