Ақтау қаласын тағы да түтін басты. 15 қыркүйек күні бірқатар шағынауданның тұрғындары жағымсыз иістің таралғанын айтып шағымданған.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мұнайлы ауданынының Баянды ауылынан 25 шақырым жердегі тұрмыстық қалдықтар полигоны жанып жатыр. Полигонның жалпы аумағы – 25 гектар, тереңдігі – 13 метр.
Қазіргі уақытта осы қалдықтар аумағының 650 шаршы метр бөлігі өртенуде. Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы орган ұйымдастырған жұмыс тобы қалдықтардың жануын сөндіруде. Рекультивацияға 15 жұмысшы мен 12 техника жұмылдырылған. Аталған дерек ТЖД-ның есеп кітабына тіркелді.
Полигон аумағы Мұнайлы ауданының әкімдігіне қарасты «МаңғыстауЖылу» МҚК-ға тиесілі. Қоқыс алаңы Ақтау қаласына жақын орналасқан. Google картада Баянды ауылы облыс орталығынан бар болғаны 16 шақырым жерде орналасқаны көрсетілген.
Тамыз айында Ақтау тұрғындары түтін иісі қолқаны қапқанын айтқан. Оған Атырау облысы Исатай ауданының аумағындағы қамыстың жанғаны себеп болды.