Қытай тарапы Шаньдун қаласында «QazTrade» АҚ сауда өкілдігін ашуды ұсынды
Қазақстан мен Қытай сауда саласындағы интеграцияны арттырмақ. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Шаньдун провинциясының Халық үкіметі төрағасының орынбасары Сун Цзюнцзимен осы мәселені талқылады.
Төраға орынбасары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағыдай Шаньдун қаласында «QazTrade» АҚ сауда өкілдігін ашуды ұсынды. Жаңа алаң тауар айналымын ұлғайтуға, бизнес мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
«Өткен жылдан бері біз Қытаймен сауда-саттықты аймақтандыру принципі бойынша дамытып, әр өңірмен оның ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тәсіл қазірдің өзінде Сычуань, Хубэй және Шыңжаң провинцияларында қолданылған. Біз сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін аймақтық өзара іс-қимыл тетіктерін пайдалана отырып, Шаньдунмен ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз», – деді Шаққалиев.
Министр Қазақстанның экспорттық әлеуеті, АӨК нарығы туралы баяндап, провиньцияға мұздатылған ет пен басқа да тауарларды жеткізе алатынын айтқан.
Сауда министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың жеті айында Қазақстан мен Шаньдун провинциясы арасындағы тауар айналымы 869,1 млн долларды құрады. Экспорт 3,23%-ға өсіп, 348 млн долларды құрады. Осы кезеңде Қазақстанға импорт 521,0 млн долларға жетті.
Жуырда «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева Қытай қаржы ұйымдарымен келіссөз жүргізді. Нәтижсенде Қытайдың мемлекеттік даму банкі Қазақстанның даму банкіне 2 млрд юань несие бермек.
2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай сауда айналымын 40 миллиард долларға жеткізуге келіскен. Биыл көрші елдің сауда серіктесі ретінде Пекин Ресейді артқа тастап, алдыңғы орынға шықты.