Египеттік компания Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәрі шығаратын зауыт құрылысына 33 млн доллар инвестиция салмақ
Египеттің EIPICO компаниясы Қазақстандағы биофармацевтика зауытына 33 млн доллар инвестиция салмақ. Бұл зауытта қатерлі ісікке қарсы дәрілер шығарылады.
Зауыт толық циклде ашылса, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ДСМ басшысы Ақмарал Әлназарова Eipico компаниясының өкілдерімен кездесіп, инвестжоба жайын талқылаған.
«Зауыт құрылысы сонымен қатар Қазақстанның фармацевтикалық сектордағы орнын күшейте түсіп, маңызды дәрілік заттар өндірісін локализациялауға ықпал етеді», – делінген хабарлама.
Кездесу нәтижесінде тараптар жобаны жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық орнатуға уағдаласқан.
Көктемде KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының өкілі Мәдина Әбдіқадыр компания директорлар кеңесінің басшысы Ахмад Киланимен кездесті. Содан кейін зауыт Қарағанды облысында «Саран» индустриалды аймағының аумағында салынатыны белгілі болған. Сол кезде компания 30 млн доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Зауыт шығаратын өнім шетелдерге де экспортталады.
EIPICO 1980 жылы құрылған. Қазіргі кезде Египеттің ең ірі фармацевтика компаниясына айналған. Зауыт 276 дәрі түрін шығарады. EIPICO 1976 жылы Араб Экономикалық Бірлігі Кеңесінің шешіміне сәйкес құрылған «Arab Company for Drug Industries and Medical Appliances» (ACDIMA) пан-араб компаниясына 50% тиесілі.