Құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы техникасы: неміс компаниялары қандай салаларға инвестиция салуға ниетті?
Қазақстан мен Германияның іскерлік байланысы аясында Қазақстанда неміс капиталы салынған 21 жоба жүзеге асырылған. Жалпы инвестиция көлемі 1 млрд еуроны құрайды. Құрылыс материалдары, оның ішінде арматура, құрғақ қоспалар, цемент шығаратын өндірістерге қаржы салынған. Бұл туралы Ақорда кулуарында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті.
Неміс инвесторлары құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы техникасы саласына инвестиция құюға ниетті.
«Қазіргі кезде 5 жоба қолға алынды. Оларға құйылатын қаржы – 200 млн еуро. Соның біреуі Knauf компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып жатыр», – деді министр.
Әріптестіктің келесі кезеңі – ауыл шаруашылығы техникасын шығару. Шарлапаевтың айтуынша, немістің комбайн мен трактор шығаратын Claas компаниясы өз техникасын Петропавл қаласында құрастырып жатыр. Алдағы уақытта осы өндірісті кеңейту жоспарланған.
Ұлттық банк мәліметінше, Германия Қазақстанның тәуелсіздік жылдарынан бері 6,7 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Былтыр, яғни 2023 жылы бұл рекордтық көрсеткішке жетіп, немістер салған инвестиция көлемі бір жылда 770 млн долларға жуықтаған.
Дүйсенбі, 16 қыркүйек күні Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц Қазақстанға ресми сапармен келді.