31% акциясы миллиардер Қайрат Итемгеновке тиесілі Globaltrans Investment PLC компаниясы Мәскеу, Санкт-Петербург және Лондон қор биржасынан (LSE) делистинг жасауды жоспарлап отыр. Бұл компания Ресейдің темір жол операторы саналады. Директорлар кеңесінің шешімі компания сайтында жарияланған.
Мұндай шешімге «көптеген шектеулердің сақталуы» себеп болған. 2022 жылдың 3 наурызынан бері Ресей биржаларында компанияның ғаламдық депозитарлық қолхаттары (ҒДҚ) саудаланбайды.
Енді компания бағалы қағаздарын Astana International Exchangе (AIX ) биржасында орналастыру мәселесін қарастырады. Бұл мәселе 30 қыркүйекте өтетін акционерлер жиналысында шешімін таппақ.
Globaltrans – ТМД нарығындағы ең ірі жүк теміржол операторларының бірі. Компания басқаруында шамамен 66 мың вагон бар. 2023 жылдың ортасына дейін оның 62 мыңы өз меншігінде болған.
Оның 31,6% акциясын 2024 жылдың ақпан айында Forbes рейтингінде №18 орында тұрған Қайрат Итемгенов сатып алды. Globaltrans компаниясының негізін қалаған төрт құрылтайшысының үшеуінің акциясы қазақстандық кәсіпкердің меншігіне өтті. Темір жол компаниясы акцияларының 56%-ы еркін айналымда жүр.
Қайрат Итемгенов Қазақстандағы ең ірі дәріханалар желісінің бірі – Europharma және аймақтардағы Arzan Pharm дәріханалар желісін басқаратын Aqniet Group компаниясына ие. Сондай-ақ ол Мәскеудегі Movenpick және Pana қонақүйлеріне, Novotel Living және Ibis брендтері ұсынылған Алматыдағы Жетісу қонақүй кешеніне, сондай-ақ энергетика саласында жұмыс істейтін ірі мердігер – KBI Energy компаниясына иелік етеді.