Банк пен қаржы

«Тұрақты» және «Позитивті»: Moody’s рейтинг агенттігі бірнеше банктің рейтингін көтерді

Moody’s рейтинг агенттігі бірнеше банктің рейтингін көтерді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халықаралық Moody’s рейтинг агенттігі бірнеше банктің рейтингін көтерді. Агенттік рейтингін өзгерткен қаржы ұйымдарының қатарында мемлекеттік Қазақстанның Даму банкі мен Отбасы банк, БЦК, Halyk bank, Bank RBK, ForteBank, Jusan Bank бар. Қаржы ұйымдарының хабарламалары Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған.

Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ұзақмерзімді рейтингін Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерген. Болжам – «Тұрақты».

«Банктің барлық рейтингтері Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік және банк секторындағы компаниялар арасында ең жоғарылардың бірі болып табылатын Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингтеріне сәйкес келеді», – делінген ҚДБ хабарламасында.

Қазақстанның даму банкінің 2023 жылдың жылдық есебіне сәйкес, былтыр қаржы институты активтері 9,3%-ға өсіп, 4,3 трлн теңгені құраған.

Агенттік «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның ұзақмерзімді рейтингтері мен бағасын жоғарылатқан. Ұлттық валютадағы депозиттері бойынша ұзақмерзімді рейтінгі – Baa1. Болжам – «Тұрақты». Бұл қаржы ұйымының да жалғыз акционері – «Бәйтерек» басқарушы холдингі.

Moody’s Halyk bank-тің ұзақмерзімді депозит рейтингін «Тұрақты» деген болжаммен тарихи жоғары деңгей – Baa1 деңгейіне көтерді. Бұл шешімге Қазақстанның егемен кредит рейтингінің өсуі себеп болған. Halyk Bank – Қазақстандағы ең табысты банктердің арасында көш бастап тұр.

Банктің негізгі акционерлері –  Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы қаржы ұйымының 56,4%-ына иелік етеді. 23,14%-ы номиналды ұстаушы және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York-ке тиесілі.

Банк ЦентрКредиттің ұзақмерзімді депозит рейтингі Ba1 деңгейінде, позитив болжаммен қалыптасқан. Мұндай болжам банктің капиталы көп, өтімділігі жоғары, табысы жақсы екенін білдіреді. Қаржы ұйымы 1988 жылы құрылған. Қазақстандағы іргелі коммерциялық банктердің бірі. «Банк ЦентрКредиттің» негізгі иелері – Бақытбек Байсейітов (40,11%) пен Владислав Ли (9,23%). Қалған үлесі миноритарлық акционерлерге тиесілі.

«Bank RBK» Банкі Moody’s Ratings агенттігі Bank RBK-тің де рейтингін көтерген. Оның ұлттық және шетел валютасындағы депозиттерінің ұзақмерзімді рейтингі Ba3тен Ва2-ге жеткен. Bank RBK акцияларының 89,7%-ы «KSS FINANCE» ЖШС арқылы Владимир Кимге тиесілі болса, 6,4%-ына Наталья Акентьева иелік етеді.

ForteBank пен Jusan Bank-тің де рейтингтері өзгерген. Moody’s агенттігі ForteBank депозит рейтингін «Позитивті» болжамымен «Ba2`» деңгейіне белгілесе, Jusan Bank рейтингі – Ba1. Миллиардер Болат Өтемұратов ForteBank акцияларының 83,41%-ына иелік етеді. Ал 7,5%-ы ұлы Алидар Өтемұратовқа тиесілі.

First Heartland Securities компаниясына Jusan Bank-тің 77,86% акциясы тиесілі. Оның жалғыз акционері – кәсіпкер Ғалымжан Есенов. Сонымен қатар ол Jusan Bank-тің тағы 19,67%-ына тікелей иелік етеді.

Moody’s бұған дейін  Қазақстандағы бірқатар компанияның рейтингін қайта қараған. Атап айтқанда «Қазатомөнеркәсіп», «Бәйтерек» ҰБҚ, Kaspi Bank және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бар.