Оқушы көп, орын тапшы: Қазақстандағы жекеменшік мектептер мәселені шеше ала ма?
2023 жылдың оқу жылында республикада 7 687 мектеп тіркелген. Оның ішінде соңғы жылдары жекеменшік мектеп саны да ұлғайған.
Сонымен қатар елімізде оқушылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Егер 2013 жылғы оқу жылында мектеп оқушыларының саны 2,5 миллион болса, 2023 жылы 1,1 миллион балаға көбейіп, 3,6 миллион оқушыдан асқан. Соңғы он жылда мектеп жасындағы бала саны 44,2% өсті. Еліміздегі демографиялық жағдайды ескерсек, алдағы жылдары да өсім сақталады. Бұл өз кезегінде мектепке қосымша жүктеме болумен қатар, орын тапшылығын да тудырады.
Білім бюджеті
Мемлекеттік бюджеттің ең үлкен шығыны – білім беру саласына жұмсалып отыр. Мемлекеттік бюджеттің шығыны жылдан-жылға артып, 2024 жылдың І жартыжылдығында жалпы бюджеттің шығыс бөлігінің 23,9% дейіне жеткен. 2021 жылға дейін әдетте мемлекеттік бюджеттің басым шығындары «әлеуметтік қамсызданыдыру» саласына жұмсалып келді. Алайда 2022 жылдан бастап білім саласы шығыстың басты көзі болып отыр.
Жекеменшік мектептер мәселені шеше ала ма?
Елімізде соңғы 5 жылда жекеменшік мектептер саны артып келеді. Мәселен, ресми статистикаға назар аударсақ 2016 жылы елімізде 112 мектеп болса, 2023 жылдың оқу жылында 551 мектепке дейін жеткен. Жекеменшік мектепте оқитын оқушылар саны былтыр 170 мыңнан асты.
Ал мемлекет меншігіндегі мектептер керісінше қысқаруда. Мысалы, 2016-2023 жылдар аралығында 81 мектепке дейін қысқарған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет меншігіндегі мектеп саны 6 909 болды.
Мектепте қазақ тілінің үлесі 67%-дан аса алмай келеді
ҰСБ мәліметінше, 2023 жылы мектептегі оқушылардың жалпы саны – 3 654 642. Оның 66,8% -ы қазақ тілінде, 30,4%-ы орыс тілінде, 2,8%-ы өзге тілде білім алады. Егер тілдік өзгерісіне келетін болсақ, 2009-2023 жылдар аралығында қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі 61-67% аралығында қалыптасты. Орыс тілінде білім алу көрсеткіші өзгермеген. Дегенмен де соңғы 3 жылда мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың 70-72% пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда жеке сектор алдыға шықты
Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны күрт өсіп, 2022 жылы теңесу нүктесіне келіп, 2023 жылы жеке сектордың үлесі басым болды. Мемлекеттік ұйымдардың үлесі де саны да біртіндеп қысқарып келеді. Ал 2023 жылы мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 89,8%-ға дейін өсті. Мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың саны 965 мыңнан асты. Олардың 89,1%-ы қазақ тілінде білім алып жүр.
Қазіргі таңда елімізде жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жалпы саны – 11 346. Балабақшалардың тапшылығы көптеген өңірде байқалып отыр. Демографиялық үрдіс алдағы жылдары балабақша тапшылығын күшейтеді және инфрақұрлымға, тапшлыққа жүктеме артатыны анық.