Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жаңартты. Құжатқа сүйенсек, ЖІӨ бойынша жоспар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда салаларының дамуы нәтижесіне қарай орындалады.
Базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 75 доллар деңгейінде белгіленген
«Қазақстан экономикасы дамуының макроэкономикалық параметрлерін
болжамдау бойынша базалық сценарий барреліне 75 доллар деңгейіндегі
мұнай бағасына сүйене отырып есептелген. Нәтижесінде экономиканың орташа жылдық өсуі 5,4 %-ды, оның ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісінің өсуі орта есеппен тиісінше 5,3 % және 5,6 % деңгейін құрайды», – деп көрсетілген құжатта.
Алайда 2024 жылы ҰЭМ экономиканың өсімін (нақты ЖІӨ өсімі) бірнеше саланың дамуы есебінен 6%-ға жуықтайды деп болжады. Бұл ретте ведомство мамандары көрсеткіш өнеркәсіпте 3,3%-ға дейін (қаңтар-тамызда 3,0%), ауыл шаруашылығында 12,4%-ға дейін (қаңтар-тамызда 3,7%), саудада 9,2%-ға дейін (қаңтар-тамызда 5,5%) артады деп болжап отыр.
ЖІӨ динамикасы 6 % деңгейінде белгіленген
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылғы қаңтар-шілдеде ЖІӨ-нің өсуі 3,5 %-ды құрады. Өсім тауарлар және көрсетілетін қызметтер өндірісінің 3,7 %-ға ұлғаюы есебінен тіркелген.
Министрліктің жоспарынша, әлемдік экономикадағы қазіргі жағдайды ескере отырып, 2024 жылы елдің ЖІӨ өсуі 6 % деңгейінде таргеттеледі.
«Номиналды ЖІӨ 2024 жылы 134,3 трлн теңге көлемінде болжанады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14,5 мың доллар деңгейінде бағаланады», – деп жазылған құжат мәтінінде.
Бюджеттік жоспар: түсімдер салық есебінен артады
Құжатқа сүйенсек, 2025 жылы мемлекеттік бюджет кірістері (трансфертті
есепке алмағанда) 23 996,4 млрд теңгені құрайды. Бұл биылғы жылғы
нақтыланған жоспардан 2 186,0 млрд теңгеге немесе 10,0 %-ға артық. Жоспарлы
кезеңде олардың 2027 жылға қарай 27 778,6 млрд теңгеге дейін немесе 15,8 %-ға
өсуі мүмкін. Ал ЖІӨ-ге қатысты 14,6 % деңгейінде болжануда.
«Бюджет кірістерінің өсуі мемлекеттік бюджет кірістерінің орташа есеппен
96,9 %-ын иеленетін салық түсімдерінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілетін
болады. Болжам бойынша салық түсімдерінің өсу қарқыны өткен жылға қарағанда
2025 жылы – 109,0 %-ды, 2026 жылы – 107,1 %-ды, 2027 жылы – 108,4 %-ды
құрайды», – деген жағымды жоспар құрылған.
Осы ретте мемлекеттік бюджеттің шығыстары да ескеріліпті. Атап айтқанда оның көлемі:
- 2025 жылы 33 519,5 млрд теңге;
- 2026 жылы – 31 478,2 млрд теңге;
- 2027 жылы – 33 519,7 млрд теңге шамасында
болжанады.
Бұл ретте оларды ЖІӨ-ге қатысты 2025 жылы 22,2 %-дан 2027 жылы
17,7 %-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі төмен қалыптасып, 3,2%-ды құрады.