Министрлікпен соттасқан абитуриенттердің бәріне грант берілді

Жарияланды
Министрлікті 22 абитуриент сотқа берген / Коллаж: kursiv.media

Министрлікті сотқа берген абитуриенттердің бәрі грант алды. Бұл жайлы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Министрдің айтуынша, жалпы министрлікке қарсы 22 абитуриент шағым түсірген. Соның ішінде бір іс сотта қаралып үлгерген. Десе де ол іс студенттің грантқа ие болуына байланысты кері қайтарылған. Дәл солайша грантқа ие болуына байланысты, шағым иелерінің көбісі арыздарын кері қайтарып алған. Сол себепті бірталайының сот ісі тоқтатылған.

Министрдің айтуынша, қазір сотта бір іс қаралып жатыр.

«Қазіргі таңда белсенді бір ғана іс бар. Астана әкімшілік сотында 19 қыркүйек күні бірінші сот отырысы өтеді. Сотқа арызданған талапкер екі жерден грантқа ие болған. Бірінші грантты Нархоз университетінен алып отырған болса, екіншісі – мемлекеттік грант. Ол бойынша сот шешімін күтеміз», – деді министр.

Журналистер бұл абитуриенттің екі жерден грант алып отырғанына қарамастан, сотқа шағымдану себебін нақтылады. Министр абитуриент грантқа өтініш бергенде 4 мамандықты таңдайтынын, олардың көбісінің бірінші таңдаған мамандық бойынша грант иеленгісі келетінін айтады. Алайда олардың бірталайы екінші, үшінші, төртінші мамандықтар бойынша грантқа түскен. Бұл мамандықтар көңілінен шықпаған студенттер сотқа шағымданған.

«Ол азамат грантты ЖОО-дан шілде айында алған. Екінші мемлекеттік грант оған гранттан бас тартқандардың есебінен беріліп отыр», – деді Нұрбек.

Журналистер барлық шағымданушыға қалайша грант берілгені туралы сұрады.

«Сіздер оларға сотқа арыз түсіргені үшін грант беріп отырсыздар ма?», – деп төтесінен сауал қойды БАҚ өкілдері.

Министр мұның жаңсақ пікір екенін айтты.

«Шағым түсіргендердің талабы келесідей, өздеріңіз білесіздер, грантқа өтініш білдіргенде абитуриент 4 мамандықты таңдайды. Шағымданушылар ең бірінші таңдаған мамандығы бойынша грантқа түспей, екінші немесе үшінші, төртінші таңдаған мамандықтары бойынша түскен. Бізде грантты бөлу механизмі ашық жүргізіледі. Бірінші мамандық бойынша балы жетпесе, автоматты түрде екінші таңдаған мамандығы бойынша алады. Солай кете береді»,– дейді министр.

Сонымен бірге министр мұндай жағдайдың министрлік тарихында бірінші рет тіркелгенін айтты. Яғни бұрын-соңды министрлікті грант мәселесіне қатысты ешкім сотқа беріп көрмеген.

Еске сала кетсек, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алған абитуриенттер Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа беретінін мәлімдеді. Балалар құқығын қорғаушы Медина Майсар әлеуметтік желіде министрліктің гранттарды әділетсіз бөлгенін хабарлады. Айтуынша, министрлік су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келген талапкерлерге 5000 грантты жеке емес, жалпы гранттан бөліп берген.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балмен грантқа түсе алмай қалған түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінетінін айтты. Министр жоғары балл жинаған балалардың тізімі ректораттарға жіберілетінін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз