Жаңалықтар

«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық»: Тоқаев Украина мен Ресей арасындағы шиеленіске қатысты пікір білдірді

«В военном отношении Россия непобедима». Токаев высказался о войне в Украине
Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс бейбіт келісім арқылы шешілуі қажет екенін айтты / Коллаж: kursiv.media; Аружан Махсотова

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина мен Ресей арасындағы шиеленіске қатысты пікір білдірді. Ол соғысты бейбіт жолмен шешудің маңыздылығына тоқталды. Бұл мәселе президенттің Германияның федералдық басшысы Олаф Шольцпен кездесу барысында қозғалған.

Ақорданың хабарлауынша, Олаф Шольцтің өтініші бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікірін жеткізген. Президент екі тарап келісімге келмей, шиеленіс тоқтамайтынын, Ресейдің әскери тұрғыда осал мемлекет емес екенін айтқан.

«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді», – деді Тоқаев.

Сонымен бірге мемлекет басшысы тараптардың Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алғанын да атап өткен. Дегенмен бейбіт келісімге келуге қашан да мүмкіндік бар екенін атап өткен.

«Бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық», – деді президент.

Бұл орайда Тоқаев мемлекет басшылары екі ел азаматарының өзара тату әрі бейбіт өмір сүруі үшін жағдай жасауы маңызды екенін жеткізген.

«Мемлекеттердің басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе, көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр», – деді мемлекет басшысы.

Еске ала кетсек, Олаф Шольц Қазақстанға ресми сапармен келді. Германия Үкіметінің басшысы елге 14 жылдан кейін келіп отыр. Екі ел басшылары энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастық жөнінде келіссөздер жүргізген.