Жаңалықтар

Түркістанға ерекше мәртебе беріліп, республикалық бюджеттен қаржыландырылады – ҰЭМ

Түркістан қаласына
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң жобасы таныстырылды / Фото: kursiv.media

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын таныстырды. Вице-министрдің айтуынша, қалаға республикалық бюджеттен жыл сайын 60 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Ерекше мәртебе берілген соң, қосымша қаржыландыру тетіктері қарастырылады.

Депутат Ұлықбек Шабданұлы қалаға мәртебе берілсе, аймақты сол мәртебесіне сай дамыту үшін қосымша қаржы қажет болатынын айтты. Министрлік өкілінен қаланы дамытуға қаражат қандай резервтерден бөлінетінін сұрады.

«Түркістанды бүкіл түрік халықтарының астанасы ретінде тану үшін оған көлемді қаржы керек болады. Жергілікті қаржыландырудан бөлек Түркістанның мәртебесін өсіру үшін республикалық бюджеттен қаражат қарастырыла ма? Қарастырылса қандай көлемде болады?», – деген сауал қойды депутат.

Омарбеков Түркістан қаласын қаржыландыру үшін облыс пен қала әкімдігін айналып өтіп тікелей республикалық бюджеттен қаражат бөлу тетігі қарастырылмағанын, десе деарнайы бағдарламалар негізінде өңірге жыл сайын қаржы бөлінетінін атап өтті.

«Жалпы бюджетте қарастырылған нормалар мен бюджеттік әкімшілік бағдарламаларға сәйкес Түркістан қаласын республикалық бюджеттен қаржыландыру тетігі қарастырылған. Республикалық бюджеттен Түркістан қаласына түсіп жатқан мақсатты трансферттер динамикасын қарасақ, 2018 жылы облыс орталығына айналғанға дейін 13 млрд теңгенің айналасында қаражат бөлініп келген болса, 2023 жылы 64,9 млрд теңге, 2022 жылы 55 млрд, оның алдында 62 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Яғни жыл сайын шамамен 55-60 млрд теңгенің айналасында бюджеттен қаржы барып жатыр. Қаржыландыруға қатысты осындай қолданыстағы инстурменттің бәрі жұмыс істейді. Одан бөлек ҰЭМ-нің облыс орталықтарын дамыту бағдарламасы бар. Сол бағдарлама аясында да біздің қалаға республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігіміз бар», – деді министрлік өкілі.

Қаланың дизайн коды бекітіледі

Омарбековтің айтуынша, қаланың дизайн коды бекітіледі. Оған сәйкес, қала құрылысы бір стильде жүргізіледі. Қаланың тарихи ерекшелігі саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында 100 метрдей жерде ешқандай құрылыс салуға рұқсат жоқ. Ал 100 метрден ары қарай салынатын ғимараттың биіктігі 7 метрден аспайтын болады. Сонымен бірге құрылыс материалдарының түсі де сол тарихи аймаққа сай таңдалмақ.

Вице-министрдің қаланы дамытуда шет елдердің тарихи қалаларды сақтау тәжірибесі негізге алынатынын айтты.

«Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан және т.б. мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелді», – дейді министрлік өкілі.

Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет берілмек. Оның 7-уі қала мәслихатына берілсе, 27-сі қала әкімдігіне беріледі.

Мәслихат құзыретіне ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидалары да кіреді.

«Қолөнершілердің саны көп емес. 39-ға жуық қолөнерші ресми тіркелген. Сол қолөнершілердің шығындарының бір бөлігін 25%-35% көлемінде өтеп беру жоспарланып отыр. Ол қала әкімдігінің есебінде бар. Жыл сайын оларға жергілікті бюджеттен көмек беріледі. Бұл шара қалада қолөнерді дамыту үшін көзделіп отыр», –деді вице-министр.

Арақсыз қала

Жиында депутаттар қала ғимараттарының стилінен Шығыстың қаласы екені көрініп тұруы қажет деген ұсыныс айтты.

Осы орайда депутат Ардақ Назаров қазақ үшін қасиетті саналатын рухани астана Түркістанға тарихи жәдігерлерді көптеп орналастыру мәселесін көтерді. Қожа Ахмет Яссауиге қатысты тарихи мұралардың көп екенін, соларды қалаға жеткізу қажетін айтты.

«Түркістаннан тарихи-ғылыми орталық ашу керек. Ғылым ордасында 6 млн-нан астам қолжазба бар. Олардың 100 мыңы таза рухни жәдігерлер. Сол жәдігерлерді ғалымдар аудару керек. Сонымен бірге «Түркістан – рухани астана», «Түркістан – арақсыз қала» деген секілді форумдар өткізіліп жатыр. Біздің рухани астанамыз болғандықтан, Түркістан қаласы басқа қалаларға үлгі болу керек. Сол орайда оның арақсыз қала болуына сіз қарсы емессіз бе? Болашақты ол талапты заңға кіргізе аламыз ба?», – деп сұрады депутат.

Бауржан Омарбеков мұндай қоғамдық бастамаларды Үкімет әрқашан қолдайтынын, ол азаматтардың өз ұстанымына байланысты екенін айтты.

«Арақсыз, есірткісіз орта қалыптастыруды әркім қолдайды. Бірақ бұл тек Түркістан қаласы емес, облыстың бірнеше аудандары мен ауылдарында қалыптасып жатқан жағдай. Арақсыз қоғам қалыптастыру азаматтық бастама. Алайда заңға нақты бір талап енгізу қаншалықты қажеттілігі бар екенін білмедім. Бірақ әр қауымдастық өзі шешім қабылдап, бастама көтеріп жатса да жеткілікті деп ойлаймын. Ал заңға түзету енгізудің қажеттілігін көріп отырған жоқпын. Себебі бізде Конституциямызда азаматтардың еркіндігі қорғалады», –деді вице-министр.