Ресей үкіметі 1 қазаннан бастап импортталатын жеңіл автокөліктердің утильалымын екі есе, ал коммерциялық көліктердің алымын 75-80%-ға өсіреді. Бұл жайлы Moscow times басылымы хабарлады.
Ресейлік автодилерлер бұл қаулы жеке пайдалануға арналған шетелдік автокөліктердің кіруіне кедергі келтіретінін айтады. Қаулыға сәйкес 2030 жылға дейін утильалым мөлшерлемесі жыл сайын 10-20%-ға индекстелетін болады. Сарапшылар бұл жағдай көліктердің қымбаттап, инфляцияның одан әрі жеделдеуіне жол ашатынын ескертеді.
Ресейде утильалым мөлшерлемесі бекітілгеннен кейін, Орталық банктің жыл соңына дейін инфляция 6,5-7% деңгейіне дейін түседі деген болжамы орындалмайтынын айтады экономист Дмитрий Полевой.
«Бұл инфляцияға қарқын беріп, 0,5-0,6%-ға дейін артуына жол ашады. Сонымен қатар бағаның өсуі тек автокөліктермен шектелмейді. Олар дәстүрлі түрде басқа бағаларды да өзімен бірге тартып алып кетеді. Сәйкесінше, автокөлік бөлшектері мен техникалық қызмет көрсету бағасы көтеріледі, нәтижесінде көлікті міндетті сақтандыру қымбаттайды», – дейді Полевой.
Қаулыға сәйкес, 1 қазаннан бастап қозғалтқышы бір литрден екі литрге дейінгі жаңа көліктер үшін утильалым мөлшерлемесі 300-600-ден 556 000 рубльге дейін, ал 2025 жылы – 667 000 рубльге дейін өседі.
Сонымен қатар ЕАЭО елдерінен жеке пайдалануға алынған көліктерге жеңілдіктер қарастырылады. Ондай көліктерді Ресей азаматтары елге жеңілдетілген шартпен 3400 рубль, үш жылдан асқан автокөлік үшін 5200 рубль төлеп кіргізе алады. Басты талап ол көлік сатып алғанға дейін бір жыл ішінде одаққа мүше елдерде кедендік ресімдеуден өтуі керек.
Сарапшылар болжамына сәйкес, бұл шара Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Беларусь елдерінен келетін импорт ағынын күрт азайтады.
Утильалым көтерілетіні белгілі болғаннан бері импорттаушылар жаңа әрі ескі көліктерді Қытайдан көптеп кіргізе бастаған. Солайша соңғы айларда жаңа көліктердің импорты 89 мың автокөлікке дейін, ал ескі көліктердің импорты 36 700 көлікке дейін өскен.
Сәуір айынан бастап төмендеген автокөлік сатылымы, Үкімет қаулысына қатысты ақпарат шыққаннан кейін қайта жандана түскен. Әсіресе, шілде және тамыз айларында елге импортталған көлік саны 2022 жылдың басынан бергі рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл айда елге 148 330 бірлік көлік жеткізілген. Ресей автодилерлер қауымдастығының мәліметі бойынша қыркүйек айында сатылымдар жаңа рекорд орнатып, 155 000 автокөлікке дейін жетуі мүмкін.
«Осыдан кейін нарықта көлік бағасы көтеріліп, сатылым құлдырайды», – дейді автодилерлер.
Сарапшылар пікірінше, утильалым көлемінің артуын қолдап отырған лоббистердің бірі – «АвтоВАЗ» компаниясы. Компания президенті Максим Соколов қытайлықтардың Lada-ны дәстүрлі баға сегментінен ығыстыра бастағанын айтып, утильалымды көтеруді қолдаған.