Жаңалықтар

Босқындар, газ-мұнай, транскаспий маршруты, соғысты тоқтату: Шольц сапары нені көздейді?

Akorda.kz

Германия канцлері Олаф Шольц Астанаға келді. Әуежайда қадірменді қонақты Үкімет басшысы Олжас Бектенов күтіп алды. Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.

Германияның канцлері осы сапарында екінші «Орталық Азия + Германия» саммитіне қатысады. Бұл формат шеңберінде стратегиялық серіктестік мәселелері талқыланып, сауда-экономикалық қатынас және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де сөз болмақ.

Германияға Қазақстаннан не керек?

Германия – осал ел емес. Еуродақ экономикасының тірегі, іргетасы. Технологиясы озық дамыған еуропалық мемлекет. Десе де қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Германия экономикасында да үлкен түйткілдер бар.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, Қазақстан мен Германия басшыларының арасында газ мәселесі басты тақырып болмақ. Бұдан өзге де стратегиялық жоспарлар талқылануы мүмкін. Германия қазір өзінің басты мәселесі –  газ жеткізу жолдарын іздеп отыр.

«Газ тапшылығынан ел экономикасының дамуы күрт бәсеңдеген. Тіпті, үлкен экономикалық дағдарыс байқалады. Өмір сүру деңгейі де құлдырап жатыр. Баға шарықтап кетті. Шольц – Германияның социал-демократиялық партиясының өкілі. Олардың қазір ел ішіндегі беделі азайып жатыр. Келесі жылы Германияда сайлау болады. Шольцке өз партиясының рейтингін көтеру үшін нақты қадам жасау керек. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың кесірінен газ мен мұнай жеткізілмейтін болды», – дейді саясаттанушы.

Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, қазір Германия газ жеткізудің балама жолдарын қарастырып жатыр. Қатармен де келіссөз жүргізіп көрген. Бірақ Германияға ұзақмерзімді шешім керек. Сондықтан олар Қазақстанмен ынтымақтастықтан болашақ көріп отыр.

«Жабық есік жағдайында Ресеймен ықтимал келіссөздер туралы сөз қозғалуы да ғажап емес. Шольц Тоқаевпен мұның әртүрлі нұсқаларын талқылауы әбден мүмкін. Өйткені Тоқаев Ресеймен де, Батыспен де жақсы қарым-қатынасты сақтап отыр», – дейді Толғанай Үмбетәлиева.  

Транскаспий маршрутына қызығушылық бар

Саясаттанушы Серік Белгібаевтың пікірінше, Еуроодақ, соның ішінде Германия Орталық Азия аймағында ешқашан белсенді әрекетімен көзге түскен емес. Сондықтан «Орталық Азия + Германия» саммитінен үлкен нәтиже күтудің қажеті жоқ.

«Германияның Орталық Азиядағы мүддесіне келсек, бірнеше бағыт бар. Соның негізгісі – Транскаспий маршрутының жобасы. Еуроодақ және Германия бұл аймақты белгілі бір ресурстардың жеткізу баламасы ретінде қарастырады. Бұл – газ, мұнай, металл және басқа да шикізаттар», – дейді сарапшы.

Серік Белгібаевтің сөзіне қарағанда, Украина мен Ресей арасындағы соғыс басталғалы бері Орталық Азияның маңызы артқан. Өйткені дәстүрлі жеткізу желілері үзілген.

«Бұрын Еуропаға Ресейден шикізат тасымалданып келген еді. Енді оны алмастыру қажет. Германия үшін ең басты мәселе – жеткізу бағыттарын әртараптандыру. Қаңтар айында Еуроодақ 5 миллиард еуро көлемінде инвестиция салуға дайын екенін мәлімдеді. Әзірге бұл тек қана сөз жүзінде, меморандум деңгейінде. Десе де бұл маршрутқа деген қызығушылық бар. Бірақ әзірге нақты әрекеттерді көріп отырғанымыз жоқ», – дейді саясаттанушы.  

Германия мен Қазақстанды не байланыстырады?

Германия еліміздің маңызды сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі соңғы жеті айда 13%-ға артып, 2,3 млрд долларға жеткен.

Былтырғы жылғы көрсеткіш бойынша, Германиядан Қазақстанға тікелей тартылған инвестиция көлемі 770 млн доллар болды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 64%-ға артық. Қаржының басым бөлігі Қазақстан экономикасының шикізаттық емес саласын дамытуға бағытталып отыр.

Мұның алдында Германия концлері Өзбекстанға ат басын бұрды. Өзбекстан мен Германия белгілі бір елдерден – Ауғанстан, Сирия және басқа да Таяу Шығыс елдерінен миграция мәселесін талқылады. Бұл мәселені Өзбекстан арқылы реттемек.