Жаңалықтар

Түркия 27 миллион теңге жымқырған күдікті әйелді елге қайтарды

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Өзгенің мүлкіне аса ірі мөлшерде қол салған күдікті Түркиядан экстрадицияланды. Ол 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы коммерциялық ұйымдардың бірінде бухгалтері болып қызмет атқарған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, сол кезде төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізіп, өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырған.

Бухгалтер әйел жазадан жалтару үшін шетелге жасырынған. Сондықтан құқық қорғау органдары оған халықаралық іздеу жариялаған-ды.

Биыл тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталды. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілген. Қазіргі уақытта Астана қаласының тергеу изоляторына жеткізілді.

Бұл қылмысқа дүние-мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мұның алдында 167 млн теңгені қолды етіп, халықты алдап кеткен қазақстандық әйелдің Армениядан экстрадицияланғаны жөнінде хабарлағанбыз.