Бұдан былай адам папилломасы вирусына қарсы вакцина жөнінде жалған ақпарат таратқандар жазаға тартылуы ықтимал. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Аталған комитет «адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бедеулікке соқтырады» деген әлеуметтік желілер мен түрлі хабарлама көздерінде кеңінен таралған ақпаратты фейк деп атады. Комитеттің пікірінше, бұл ғылымға қайшы келеді әрі шындыққа жанаспайды.
«Нақты емес ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және барлық азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, тек ресми көздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Бұл комитеттің дерегінше, елімізде жыл сайын 1900-ге тарта жатыр мойынының обыры, бір күнде 5 әйел зардап шегеді. Бір жыл ішінде 600-ден астам ана, күніге 2 нәзік жанды адам осы дерттің кесірінен қаза болады екен.
«АПВ індетін жұқтырмаудан қорғайтын және жатыр обырынан сақтанудың бірден бір тәсілі – екпе алу. Дүниежүзілік денсаулық сақтау кеңесіне сай, 135 елде, осы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Бұл елдердің ішінде Қазақстанда да бар. Әлемде жүргізілген зерттеулердің дені бұл вакцинацияның адам денсаулығына қауіпсіз екенін дәлелдеп берді», – дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Мұның алдында Үкіметтің адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға резервтен 9,7 млрд теңге бөлгенін хабарлағанбыз.