Экскурсия, турлар мен театрдағы премьералар. Алматыда осы аптада қандай іс-шаралар өтеді?

Жарияланды 16 Қыркүйек 2024 18:04

(жаңартылды 16 Қыркүйек 2024 18:38)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Алматыда қандай іс-шаралар өтеді? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы тұрғындарының әр күні түрлі іс-шараға, қызықты оқиғаға толы. Бұл – расында, мың бояулы қала. Шара көп болғаны сияқты, бұл қалада шаруа да көп. Сондықтан кейде қызық шаралардан қалып қойып та жатамыз. Kursiv.kz осы аптада өтетін қызықты іс-шаралар тізімін жасап шықты.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы бойынша экскурсия

17-20 қыркүйек

Мұражай аралағанды, өнерді, тарихты жақсы көретін жандар үшін 17-20 қыркүйек аралығында апта бойы керемет экскурсия ұйымдастырылмақ. Іс-шара көрерменге отандық киноиндустрияны жақыннан танысуға мүмкіндік беріп, кино таризымен жақындаса түсу мақсатында жасалып отыр. Билет бағасына экскурсия және мультфильм көрсетілімі кіреді.

Экскурсия Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 176 мекенжайы бойынша «Қазақфильм» студиясында өтеді. Билет құны – 800 теңге. Ұзақтығы – 2 сағат 15 минут. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Шарын шатқалына тур

17, 18 қыркүйек

Сейсенбі, сәрсенбі күндері Алматының ерекше жерлерінің бірі – Шарын шатқалын көруге аттануға кеңес береміз. Бұл – ерекше табиғатқа куә болып, жаңа достар тауып және қала өмірінен бір сергіп қалудың таптырмас мүмкіндігі. 

Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. Тур құны – 11 700 теңгеден басталады.

Көлсай-Қайыңды туры – апта бойы 

Ал жұмыс күндері бос емес болсаңыз, алайда қала сыртына барып, турмен табиғатта уақыт өткізуді қаласаңыз, аптаның кез келген күні Көлсай-Қайыңдыға бара аласыз. Апта бойы арнайы тур ұйымдастырушылар Көлсай-Қайыңдыға адам жинап, бір күн бойы жаныңызда болып, керемет күн өткізу мүмкіндігін сыйлайды. 

Бұл жерден де керемет орта тауып, уақытты көңілді өткізе аласыз.

Бұл бағыттағы бір күндік тур бағасы 12 700 теңгеден басталады. Билеттер Ticketon.kz сайтында. 

«Моя половина. Үйлену оңай, үй болу қиын»

19 қыркүйек

Алдағы бейсенбіден бастап режиссер Ақан Сатаевтың жаңа фильмі жарыққа шығады. Бұл – ажырасса да, бір шатыр астында тұрып жатқан бұрынғы ғашықтардың хикаясы. Екі ересек адам қиындықтарды еңсеріп, қайта үйлесім тауып, жарасып кете ала ма? Фильм көрермені осы сұраққа жауап ала алады. Басты рөлдерді Дастен Шәкіров, Альмира Тұрсын сомдайды.

Мелодрама, комедия жанрында түсірілген туынды 19 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көрсетіледі. 

Билеттер жақын күндері Ticketon.kz сайтына шығады.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры – «Ұлпан» қойылымы – премьера.

19, 20 қыркүйек

Екі күн қатарынан Ғабит Мүсірепов атындағы театр артистері премьералық қойылым қойып, көрерменін қуантпақ. 

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры – 78 жылдық тарихы бар, Алматы қаласының мәдени әрі тарихи өнер ордасы. Бұл мекеме 1992 жылы қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері Ғабит Мүсіреповтің есімін алды. Содан бері театр ұжымы қамагердің түрлі шығармасын сахналады. «Ақан сері – Ақ­тоқ­ты», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесалары көп уақыт көрермен ықыласына бөленіп, репертуардан орнын тапты. 

Ұлт әдебиетінің алтын қорына жататын классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы да үнемі толы зал жинайды. Шығарманың бас кейіпкері — Ұлпан, шын мәнінде, өмірде болған тарихи тұлға. Қыркүйекте көрермен Ұлпанмен қайта қауышып бір қуанса, театрға барып тағы бір қуанғалы тұр.

Өтетін орны: Алматы қаласы, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Абылайхан даңғылы 38

Билеттер Ticketon.kz сайтында.

Классикалық ат жарысы. Президент сыйлығы – 21 қыркүйек

Алдағы демалысты ерекше өткізгіңіз келсе, ат жарысын офлайн тамашалап көруді ұсынамыз. Бұл – бойға қан жүгіртіп, керемет адреналин мен түрлі эмоция сыйлайтын ерекше дода. Желмен жарысқан жылқылардың әдемілігі тіпті бөлек сезім сыйлайды. 

Жарыс Алматы қаласы, Алматы ипподромы, Омаров к-сі, 10А мекенжайы бойынша өтеді. шара сағат 13:00-де басталады. Билеттер сатылымда, құны – 1000 теңге, сатып алу үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.

«Жас сахна» театры – «Әке» қойылымы 

22 қыркүйек

Алдағы жексенбіде Жас Сахна театрында Алексей Шеместің режиссерлігімен «Әке» қойылымы сахналанады. Бұл қойылым – «Жас Сахна» театры репертуарындағы лирикалық комедия. Көрермен бұл қойылымнан әке мен бала арасындағы қарым-қатынас қайшылықтары, алғашқы  махаббат мәселелері, ерте тұрмыс құру, үйленуден аяқ-асты қашу, жастық шақтағы бұзақылық пен зиянсыз өтірік көріністерін көріп, бір сәт ойға шомып, әркім өз бетінше бір түйін түйіп шыға алады.

Өтетін орны: Алматы қаласы, Абай даңғылы, 117, Жас САХНА Театры (Үлкен сахна) Қойылым ұзақтығы: 1 сағат 30 минут, үзіліспен. Көрерменге қатысты жас шектеуі бар, залға тек 16 жастан асқан адамдар жіберіледі. 

Сондай-ақ оқыңыз