Тамызда тұтынушылық сенім көрсеткіші біршама төмендеп кетті, бірақ бәрібір оптимистік аймақта қалды

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

2024 жылдың тамыз айында Қазақстандағы тұтынушылық сенім индексі (ССІ) біршама төмендеп кеткені белгілі болды. Көрсеткіштердің төмендеуі барлық субиндекстерден байқалды, бірақ ССІ оптимистік аймақ аясынан шыға қойған жоқ. Төртінші ай қатарынан тоқтаусыз өскен инфляциялық күтулер инфляцияның нақты деңгейінен асып түсті, дегенмен біздің нарықтағы тұтынушылар бағалардың өсуіне қатысты болжамдарын біршама ұстамды бағытқа қарай түзетуге бейім.

Десек те бұл жолы отандастарымыз тауар және қызмет түрлерінің бағасы мейлінше өсе түскеніне баса мән берген, әсіресе, «азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы өсіп барады» дегенді жиі айтқан. Ал отандық еңбек нарығындағы жағдай мен депозиттік құралдарды олар біршама тұрақты деп бағалаған, бірақ кредит алуды «кейінге қалдырған дұрыс» деп есептейді. Сол сияқты, тамыз айында тұтынушылар арасында жалпылай алғанда мазасызданып, алаңдау көріністері жоғары болған…

Құрметті оқырман қауым, назарларыңызға қазақстандық тұтынушылардың сенім көрсеткішін талдап, сарапқа салған кезекті, яғни 22-зертеуіміздің қорытындысын ұсынамыз. Бұл зерттеу United Research Technologies Group  әдістемесі негізінде Freedom Finance Global PLC  тарапынан 2022 жылдың қараша айынан бері жүргізіліп келеді.

«Оптимистік сипаттағы» төмендеу

Биылғы мамыр мен жазғы маусым, шілде айларын қоса алғанда қазақстандықтардың ССІ көрсеткіші айтарлықтай жоғары болғанын байқай алдық, бірақ тамызда бұл тұрғыда төмендеу тренді көрініс берді, мысалға, тамызда тұтынушылық сенім көрсеткіші 101,9 тармаққа дейін төмендеп кеткен (–2,3 тармақ). Сол сияқты, ағымдағы жағдайды бағалау индексі 85,7 тармаққа дейін (–1,3 тармақ), тұтынушылық күту индексі 126,4 тармаққа дейін (–3,6 тармақ) төмендеген.

Естеріңізде болса, бұған дейінгі зерттеуімізде біз биыл шілдеде бірқатар субиндекстердің көрсеткіштері төмендей түскенін айтып өттік, ал тамызда, мысалға, отандық тұтынушылардың елдегі экономикалық жағдайға берген баға индексінен, өздерінің жеке материалдық жағдайына берген бағаларына дейін біршама құлдырап кеткен. Құлдырау көрсеткіштері негізінен экономикалық перспективаларды бағалаушы субиндекстерге тән: атап айтсақ, тұтынушының өз жеке материалдық жағдайынан күтілетін өзгерістер индексі 128,3 тармаққа дейін (–4,1 т.), ел экономикасында қысқа мерзімді перспективада күтілетін өзгерістер индексі 124,2 тармаққа дейін (–3,2 т.), ел экономикасында ұзақ мерзім аясында күтілетін өзгерістер индексі 126,7 тармаққа дейін (–3,4 т.) төмендеген. Әйтсе де, ірі ауқымдағы дүние, зат сатып алуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай индексінің төмендеу көрсеткіші бар болғаны 0,5 тармаққа төмендеген (76,5 тармаққа дейін), соған қарағанда, қазақстандықтар, сірә, өз көкейіндегі «сатып алу жоспарларынан» әзірше бас тартып отырған жоқ.

Айтпақшы, әдетте тұтынушылар сенімінің көрсеткіші жаз айларында жоғары өрлейді деген пайым-болжамға қарамастан (мысалға, басқа елдердегі CCI динамикасы секілді), биыл тамызда біз Қазақстанда тұтынушылар сенімінің индексі төмендеп кеткенін анық байқадық. Бірақ индекс көрсеткіші әлі де оптимистік аймақ аясында қалып отыр, дегенмен, күз шыға қазақстандық ССІ төмендеуге негізделген үрдіске бой беруі әбден мүмкін.

Пессимистік сарындағы тұтынушылар кімдер?

Бұл жолғы зерттеу барысында өзгеріске ұшыраған тағы бір өзіндік тренд = біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктеріне қатысты. Шілдедегі зерттеумен салыстырғанда әйелдердің тұтынушылық сенім индексі (ССІ) пессимистік аймаққа жақындап қалған: 100,9 тармақ, –3,7 т. (жазда әйел респонденттер біршама оптимистік пікірлерге жиі тоқталған-ды). Ерлердің тұтынушылық сенім көрсеткіші, керісінше, ептеп болса да ұлғайып келеді (103 тармақ, +0,4 т.).

Ал тұтынушылық күту индексі аясында қарастырар болсақ, бұл тұрғыда әйел респонденттердің көрсеткіштері мейлінше жоғары (127,6 тармақ, ерлерде – 125,1 тармақ), есесіне ерлер ағымдағы жағдайды бағалау тұрғысында мейлінше оптимистік бағаларға тоқталған (88,4 тармақ, әйелдерде – 83,2 тармақ). Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша бұған дейін байқалған трендтер тереңдей түскен. Мысалға, жастар (115,1 тармақ) мен ересек жастағы жастар тобы (103,7) тұтынушылық оптимизм аймағында қалып отыр, бірақ 30–44 жастағы қазақстандықтар қайтадан пессимистік аймаққа қарай ығыса түскен. Сол сияқты, биыл тамызда зейнеткерлерден (92,5 тармақ, +0,6 т.) өзге респонденттерде түгелдей (барлық жастағы) тұтынушылық сенім көрсеткіші төмендей түскені анық байқалды: жастарда: –3,6 тармаққа, ересектеу жастарда: –1,3 тармаққа, ересек жастағыларда: –4,2 тармаққа, яғни 94,4 тармаққа дейін.

Оптимист өңірлер азайып барады

Тамыз шыға тұтынушылық оптимизм көрсеткіші бірқатар өңірлерде қайтадан төмендеу трендіне бой берді. Егер шілде айында еліміздің 17 облысы оптимистік аймаққа келіп жайғасқан болса, тамызда олардың тек 11-ғана өз тұғырын сақтай алған.

Шілдедегі зерттеу қорытындысы бойынша пессимистік аймақта Шығыс Қазақстан (96 тармақ) және Ұлытау (95,9 тармақ) облыстары тұрақтаған болатын. Тамызда бұлардың қатарына Абай (94,4 тармақ), Ақмола (99,4 тармақ), Павлодар (97 тармақ), Солтүстік Қазақстан (99,3 тармақ) және Алматы облыстары (96,3 тармақ) мен Атырау (98,8 тармақ), Шығыс Қазақстан (96 тармақ) және Жетісу (95,5 тармақ) облыстары келіп қосылды.

Тамыз айында тұтынушылық сенімнің төмендеу үрдісі республика аумағындағы көптеген өңірлердің тұрғындарына тән болды. Ал пессимистік сарынға бой бермеген отандастарымыз негізінен Батыс Қазақстан (+2,6 т., 100,3 тармаққа дейін), Қостанай (+0,3 т., 101,4 тармаққа дейін), Қызылорда (+1,7 т., 114,2 тармаққа дейін), Түркістан (+6,2 т.,  114,4 тармаққа дейін) облыстарында және Алматы (+2,4 т., 102,4 тармаққа дейін), Астана (+0,3 т., 108,9 тармаққа дейін) қалаларында қоныстанған екен.

Тұтынушылық сенімі күрт төмендеген тұрғындар болса Абай (–6,9 т.), Алматы (–6,3 т.), Атырау (–14,7 т.), Жамбыл (–4,8 п.) және Жетісу (–4,6 т.) облыстарында тұрып жатса керек.

Қаржы мәселесі қатты алаңдатып отыр…

Бұған дейінгі зерттеу нәтижелері көрсетіп бергендей, қазақстандық тұтынушылардың басым бөлігі біраз уақыт бойы өздерін «ештеңе алаңдатпайды» дегенді алға тартумен болды. Алайда, биыл тамызда қаржы мәселесіне немесе ақшаның жетіспеуіне қатысты алаңдап, мазаланған респонденттердің үлесі 2,9 пайыздық тармаққа, яғни 31,1%-ға дейін өскен. Ал өзін «ештеңе алаңдатпайды» деп мазасыз жүргендердің бір айдағы үлесі айтарлықтай төмендеп кеткен ( 7,4 п.т., 27%-ға дейін).

Респонденттерді мазалап отырған мәселелердің ішінде, мысалға: отбасындағы тұрмыстық проблемалар (+5,6 п.т., 12,8%-ға дейін) және денсаулыққа қатысты түйінді мәселелер (+1,4 п.т., до 12,3%-ға дейін) өзектеле түскен. Тұтынушылар сондай-ақ, инфляцияның қарқынына қарап, алаңдайтындарын да жасырмаған – әрбір оныншы отандасымыз бағалар мен тарифтердің өсуіне мазасы кетіп, алаңдап отыр (10,8%, +3,1 п.т.). Тамызда ел халқын мейлінше алаңдатқан түйткілдердің қатарында жұмысқа, бизнеске, оқуға қатысты мәселелер де бар: бұл тұрғыда алаңдап, мазасы кеткен респонденттердің үлесі 3,3 пайыздық тармаққа, яғни 8,8%-ға дейін өскен.

Сол сияқты, біздің сауалнамаға қатысқан респонденттер өздерін денсаулық сақтау (+3 п.т., 5%-ға дейін) және білім салаларының (+2,5 п.т., 4,3%-ға дейін) бүгінгі жағдайы мен әлемдегі саяси ахуал да (+3,1 п.т., 4,5%-ға дейін) алаңдатып отырғанын баса айтқан. Осы арада айта кету керек, отандық тұтынушылар мән берген денсаулық және білім беру жүйелеріне қатысты алаңдаушылық көрсеткіштері маусымдық сипаттан туындаған деуге болады, ал жаһандық саяси жағдайға алаңдау факторы медиа нарық, яғни БАҚ өкілдерінің ықпалымен қалыптасып отырса керек.

Инфляция қайта  баяулады

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистикалық бюросы мәліметтеріне сай, биыл шілдеде үдей түскен жылдық инфляция тамыз айында қайтадан баяулап, 8,4%-ды құрады (жылма-жыл есептегенде: төмендеу көрсеткіші 0,2%).

Нарықтағы былтырғы бағалардың динамикасын бағалауға қатысты шілдедегі пессимистік ұстанымнан кейін респонденттердің тамыздағы пікірлері жағдайды ептеп болса да бір деңгейге шығарып, түзеткендей болды: яғни, бұл жолы біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылар «өткен жылмен салыстырғанда, бағалар жылдамырақ өсті» дегенді сәл де болса сирек атап өткен (51%, –1,7 п.т.). Дегенмен, қазақстандық тұтынушылардың жартысынан астамы былтырғымен салыстырғанда биыл баға атаулы «жылдамдап өсіп жатыр» деген пікірді дұрыс санайды. Баға динамикасын оптимистік тұрғыдан бағалауда да өзіндік төмендеу сипаты бар, мысалға, баға «бұрынғыға қарағанда біршама баяу өсті» (–3,1 п.т., 9,7%-ға дейін) немесе «өзгерген жоқ» (–0,9 п.т., 4,2%-ға дейін) деген секілді. Яғни, тамыз айында тұтынушылар тарапынан берілген бағалар біршама ұстамды сипатта қалыптасты (+5,9 п.т.,  30,1%-ға дейін) дей аламыз. 

Тамыз айында айлық инфляция да ептеп баяулап, 0,6%-ды құрады. Бағалардың бір айда қаншалықты өскеніне тұтынушылар тарапынан берілген баға да біршама тұрақталып, жыл соңындағы бағалау көрсеткішіне сәйкес келді. Бұл жолы респонденттер «ай қорытындысы бойынша бағалар қаулап өсті» (37,6%, –1,4 п.т.) және «баға өзгерісі болған жоқ» (6%, –1 п.т.) деген пікірлерге сәл де болса сирек тоқталған. Олар негізінен тамызда «бағалардың өсу деңгейі ұстамды болды» (+1,7 п.т., 35,5%-ға дейін) және «бағалар ептеп өсті» (+1,3 п.т., 16,7%-ға дейін) деген жауаптарға көбірек мән берген.

Болжамдар нақты көрсеткіштен асып түседі…

Айта кетейік, аталған зерттеу аясында қолданылған инфляцияға қатысты күту болжамдары Берк әдістемесі бойынша ықтималды квантификация әдісінің көмегімен есептеліп, инерциялық сипатта берілген.

Нақтылап айтсақ, 2024 жылдың тамыз айында жылдық инфляцияның күтілетін болжамды деңгейі  0,6 пайыздық тармаққа өсіп, 8,8%-ды құрады. Ал 2023 жылдың тамызына шаққандағы 2024 жылдың тамызындағы жылдық инфляцияның (8,4%) нақты көрсеткіші – 2023 жылдың желтоқсанынан бері алғаш рет халық күткен межеден төмен шықты. Күтілетін инфляцияның қабылданатын инфляцияға шаққандағы арақатынасы осымен төрт ай қатарынан ұлғайып өсіп, 2024 жылғы тамызда 1,02-ге жетті. Бұл қоңыр күздің алдында инфляциялық қысымның арта түскенін меңзейтін өзіндік көрсеткіш болса керек, сонымен қатар, тамыздағы доллар бағамының өсуімен байланысты болуы да ықтимал.

Бағаның өсуі әйелдер мен ересектерді алаңдатып отыр

Тамызда соңғы айдағы баға өсімінің динамикасын бағалаудағы гендерлік алшақтық тереңдей түскен – бұл жолы бағаның шарықтап өсуін ерлерге қарағанда әйел ресопнденттер жиі байқаған (42,2%, +0,4 п.т.), ал ерлер тарапынан берілген бағаларда пессимистік сипат біршама аз (–3,4 п.т., 32,6%-ға дейін). Бағалардың бір жылда өсуіне қатысты пікірлерде де әйелдер пессимистік ұстанымға көбірек бой берген (55,8%, –1 п.т.), есесіне ерлердің бағасында пессимистік көзқарас қықсқара түскен (–2,5 п.т., 45,6%-ға дейін). Бір айдағы және бір жылдағы баға динамикасын оптимистік тұрғыдан бағалау ұстанымы әдеттегідей ең жас (сәйкесінше 34,6% және 49,4%) және ең ересек (36,6% және 46,5% ) тұтынушылар тарапынан байқалған. Бір қызығы бұған дейін зейнеткерлер бағалардың өсуіне қатысты ең пессимистік пікір айтқан респонденттер қатарын құраған болатын, бірақ биыл тамызда олардың тарапынан берілген бағалар «ұстамды», тіпті «оптимистік» сипатқа ұласты (–6 тармақ, 36,6%-ға дейін және  –6,6 тармақ, 46,5%-ға дейін).  Ал ең пессимистік топқа қазір 30–44 жас аралығындағы қазақстандықтар енген (40,1% және  54,3%), тіпті олардың тарапынан берілген пессимистік сипаттағы бағалау көрсеткіші аса жоғары болмаса да.

Біздің сауалнамаға қатысқан респонденттердің пікірінше, тамыз айының қорытындысы бойынша бағалардың күрт өсуі Шығыс Қазақстан (45,2%) және Абай (46,6%) облыстарында мейлінше сезілген. Ал жылма-жыл есептегенде ұстамдыдан төмендеу дейтін бағалар Шығыс Қазақстан (57,9%), Алматы (57,6%) және Павлодар (60,7%) облыстарында байқалған.

Ең қымбат өнімдер қайсысы?

Тамыз айында отандық нарық ішінде ұсынылған тауарлар мен қызметтердің барлық дерлік санаттары бойынша бағаның шарықтап өсуі байқалған, дегенмен, азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы жоғары өрлеген соң, интернет пен мобильді байланыс «ең қымбат өнімдер» тобынан шығып қалса керек, бірақ бұл екеуінің бағасы өскені туралы пікір айтқан респонденттер үлесі арта түскен (+2,6 п.т., 16,1%-ға дейін).

Жаздың алғашқы екі айында өткен сауалнамаға қатысқан отандастарымызға қарағанда, тамыздағы респонденттер азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы шарықтап өскеніне көбірек мән берген, оның ішінде, әсіресе, сүт және сүт өнімдерінің (+5,1 п.т., 35,9%-ға дейін), нан және нан өнімдерінің (+4,5 п.т., 28,8%-ға дейін), ірімшік пен шұжықтардың (+5 п.т., 16,4%-ға дейін) бағасы қарқын алғанын атап өткендер бар. Олар сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық шығындары тоқтаусыз өсіп жатқанын да алға тартқан – қазіргі таңда әрбір төртінші қазақстандық коммуналдық шығындардың бағасы өз бюджетіне салмақ түсіріп отырғанын ашық айтып отыр (+3,8 п.т., 20,7%-ға дейін). Сонымен қатар, әдетте «ең қымбат өнімдер» тізіміне кіре қоймайтын темекі бағасы (+5 п.т., 14,3%-ға дейін), киім-кешек пен аяқ киімнің (+4,8 п.т., 13,4%-ға), кондитерлік өнімдердің (+4,1 п.п., до 12,3%) және тұрмыстық қызмет (+4,3 п.т., 7,7%-ға дейін) бағаларының бағасы да тұтынушылар назарынан тыс қалмаған.

Баға қайда барасың?

Бағаның өсуіне қатысты тұтынушылардың тамыздағы болжамдарында да пессимистік сипат басым: алдыңғы зерттеу кезеңдерімен салыстырғанда бұл жолы – алдағы айда баға «қаулап өседі» (18%, +0,8 п.т.)  және «ұстамды деңгейде өседі» (36,3%, +2,1 п.т.) дегендердің үлесі көбірек болған.

Сол сияқты, бағаның бір жыл ішінде өсу мүмкіндігі туралы болжамдарында тұтынушылар біршама ұстамды бағаға ден қойған: тамыз айында «баға былтырғымен бір деңгейде өседі» деп күтетіндердің үлесі еселеп өскен (+10 п.т., 49,3%-ға дейін), ал басқалай болжам жасағандардың үлесі азая түскен.

Бағаның өсуін болжаған кімдер?

Тамыз айында көрініс берген тағы бір өзіндік тенденция десек те болады – бағаның алдағы айда өсу мүмкіндігі туралы жауаптарда гендерлік алшақтық ұлғая түскен, ал шілдеде мұндай ерекшелік мүлдем байқалған жоқ-ты. Яғни, ерлермен (14,7%, –2,6 п.т.) салыстырғанда, әйел респонденттер (21%, +3,6 п.т.) бір айдың ішінде «баға шарықтап өседі» деген болжамға көбірек тоқталған. Бағаның келесі жылы өсу мүмкіндігі туралы болжамдарға ден қойсақ, бұл арада да пессимистік ұстаным ерлерге қарағанда (20,1%, –3,2 п.т.) негізінен әйелдерге (23,1%, +1,9 п.т.) тән. Шілдеде мұндай көзқарастағы респонденттердің басым бөлігі ерлер болатын.

Айтқандай, нарық ішіндегі бағалар бір жылда да (23,1%, –0,1 п.т.), бір айда да (18,9%, +1,8 п.т.) «қаулап өседі» деп есептейтін ең пессимистік топ бұл жолы жастардан құралған, тамызда олар мейлінше пессимистік көзқарасқа бейім тұратын ересек жастағы жас респонденттердің (сәйкесінше 22,6% және 17,4%) орнына қарай ығыса түскен. Бағаның бір айдағы өсу динамикасына қатысты пессимистік болжамдар 60-тан асқан респонденттер тарапынан да көрініс берген (18,1%, +3,1 п.т.).

Баға алдағы айда «шарықтап өседі» деген болжамды, әсіресе, Абай (25%), Шығыс Қазақстан (24,7%) және Ұлытау (23,9%) облыстарының тұрғындары жиі айтқан, ал бағаның бір жылда өсу мүмкіндігін болжаған негізінен Ақмола (27,1%), Ақтөбе (27,3%) және Ұлытау (28,7%) облыстарының тұрғындары.

Ұстамды пессимизм

Шілдеде АҚШ доллары бағамының бір айдағы және бір жылдағы өзгеруіне қатысты болжамдар біршама тұрақтала түскендей көрінген-ді. Ал тамызда доллар/теңге бағамына тұтынушылар тарапынан берілген бағалар барынша пессимистік сипат алған. Біздің сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың үштен бірінен астамы (35,7%, +1,4 п.т.) ұлттық валютаға шаққанда доллардың бір айдағы бағамы «әлі де жоғары өрлейді» деген пікірде, ал шамамен бір жартысы (44,7%, +4,9 п.т.) валюта бағамы «тұрақталуы тиіс» деген ойда. Есесіне АҚШ доллары бағамының бір жыл ішінде өзгеру мүмкіндігі туралы болжамдар бір сарында деуге тұрарлық: респонденттердің жартысынан астамы (58,7%, +1,9 п.т.) келесі жылы доллар бағамы теңгеге шаққанда жоғары болады деп пайымдаса, әрбір төртінші респондент – доллардың теңгеге қатысты бағамы өзгермейді деген пікірде (19,6%, +2 п.т.).

Әдеттегідей, АҚШ долларының бағамы бір ай ішінде де, бір жыл ішінде де өсе береді деп болжайтындар арасында ерлер жағы басым (сәйкесінше 38,7% және 62,4%). Ал респонденттердің жас ерекшелігі бойынша алып қарасақ, доллар бағамы бір жыл ішінде жоғары көтеріледі деп сенетін жас респонденттер қатары тамызда ұлғая түскен, бірақ олардың тарапынан берілген божамды баға бәрібір біршама төмен (64,9%, –2 п.т.). Сол сияқты, доллар бағамының бір айдағы өсу мүмкіндігін негізінен 45–59 жастағы респонденттер (39,2%, +3,9 п.т.) алға тартқан.

Доллар келесі жылы қымбаттайды деп күтетін тұрғындар Алматы (68,1%) және Астана (66,2%) қалаларында тұрып жатыр деуге болады. Ал Батыс Қазақстан (43,3%), Түркістан (41,5%) облыстарының тұрғындары мен алматылықтар (42,3%) доллар келесі айда да қымбаттайды деген сенімде.

Жұмыссыздық аса көп алаңдатпайды

Айтпақшы, мамырдан шілдеге дейінгі аралықта төмен құлдыраған жұмыссыздық бойынша күту индексі тамыз айында 75,9 тармаққа дейін жоғары көтерілген (+3,1 тармақ), бұл алдағы 12 айда еңбек нарығындағы жағдайға алаңдаушылық деңгейі төмен болады дегенді меңзесе керек. Индекстің өсуіне елдегі жұмыссыздар саны «өзгеріссіз қалады» деп есептейтіндер үлесінің артуы (+5 п.т., 40,7%-ға дейін) септік еткен, яғни жұмыссыздар көрсеткіші бойынша ұстамды баға берген респонденттердің үлесі артып келеді деуге болады.

Біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың еңбек нарығындағы жағдайға берген бағасына тоқталсақ, бұл арада да мейлінше пессимистік және ұстамды бағалар ерлермен (сәйкесінше 36,8% және 39,1%) салыстырғанда әйелдердің тарапынан көбірек берілген (38,3%, –2,6 п.т, және 42,2%, +4,5 п.п.). Жұмыссыздық келесі жылы белең алуы мүмкін деп қауіптенетін топта зейнет жасы алдындағы (40%) және зейнеткер жасындағы респонденттер (38,6%) басым. Айта кету керек, сауалнама барысында респонденттердің бәрі дерлік (жас ерекшелігіне қарамастан) өздерінің пессимистік сипаттағы бағаларын ұстамды бағаларға қарай түзетуге бейім болған, бірақ болжамдары тұрақты дейтін топта 45–49 жас аралығындағы қазақстандықтар тұр деп айта аламыз (42,5%).

Сол сияқты, тамызда жұмыс орындарының қысқаруына барынша алаңдаушылық танытқан тұрғындар негізінен Ақтөбе (45,4%) және Жетісу (46,7%) облыстарынан болса, Қостанай (25,9%) және Солтүстік Қазақстан (27,7%) облыстарының тұрғындары жұмыссыздық мәселесіне аса алаңдап отырған жоқ.

Депозит әлде кредит?

Тамызда біз кредит алуды жоспарлаған отандастарымыздың қатары күрт қысқарып кеткенін байқай алдық (–2,7 п.т., 17,5%-ға дейін), әсіресе, шілдеде кредит қаражатына қол жеткізуді жоспарлағандар көрсеткіші ең жоғары болғанын ескерсек. Ірі ауқымдағы зат, дүние сатып алу үшін кредит алуды жоспарлаған тұтынушылар үлесінің төмендеуі әйел респонденттердің (17,4%, –3,4 п.т., ерлерде – 17,6% (–1,9 п.т.)) және жастардан өзге топтардың есебінен мүмкін болған. Естеріңізде болса, шілдеде әйелдер белсенді түрде кредит алуға әзір отырған-ды. Респонденттер тобын өңірлер аясында қарастырғанда, тамызда кредит алу жоспары барын жиі айтқан Абай (25,6%) және Маңғыстау (23,3%) облыстарының тұрғындары мен астаналықтар (22,7%) екенін байқай алдық. Ал Ақмола (14,8%), Шығыс Қазақстан (13,1%) және Павлодар (12,7%) облыстарының тұрғындары тарапынан мұндай белсенділік байқала қоймаған.

Айта кетсек, тамыз айында қазақстандық тұтынушылардың кредиттік сенімі 0,6 тармаққа, яғни 36,7 тармаққа дейін төмендеп кеткен – бұл мамырдағы көрсеткішке сай деңгей (36,4 тармақ). Кредиттік сенім индексінің төмендеуі оптимистік сипатта баға берген респонденттер үлесінің қысқаруымен тікелей байланысты (–3,7 п.т., 13,6%-ға дейін), бұл жолы олар негізінен ұстамды сипаттағы бағаларға жүгінуге бейім болған (+7,4 п.т., 29,7%-ға дейін). Айтқандай, біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың жартысына дерлігі «дәл қазір кредит алатын кез емес» деп есептейді (46,9%), дегенмен, тамыз айында бұл пікірге тоқталған респонденттер үлесі қысқара түскенін де байқай алдық (–2,3 п.т.п.).

Тамызда сондай-ақ, кредиттік сенім индексіндегі гендерлік алшақтық әжептәуір тегістеліп қалды деуге негіз бар – бұл көрсеткіш ерлерде де, әйелдерде де 36,7 тармақ деңгейінде қалыптасты (бірақ ерлерде сенім көрсеткіші шілдеден бері 1 тармақ өскен, ал әйелдерде  –1,9 тармаққа төмен түскен). Тамыз айында өздеріне тән кредиттік сенім деңгейін ұлғайтып көрсетуге бейім тұрған респонденттер – ересектеу дейтін жастар тобы (+0,5 т.,37,5 тармаққа дейін), бірақ бұл тұрғыда көш басында бәрібір жастар тұрғанын айта кеткен жөн (38,5 тармақ, –0,2 т.). Яғни, байыппен қарасақ, респонденттердің жасы ұлғайған сайын нарық ішінде кредиттік сенім деңгейінің төмендеу тенденциясы анық байқалуда. Өңірлер аясында алып қарағанда, кредиттік сенім бойынша ең жоғары деңгей Қызылорда облысы тұрғындары (41,5 тармақ, –2,3 т.) мен елордалықтарға (40,4 тармақ, +2,2 т.), ал ең төмен деңгей Ақмола облысы тұрғындарына тән (31,9 тармақ, –6,1 т.) дей аламыз.

Зерттеу барысында көзге түскен тағы бір маңызды көрсеткіш – депозиттік құралдарға деген қолжетімділік қолайлылығын бағалау үлесінде байқалған осыған ұқсас трендке қарамастан, депозиттік сенім индексі шілдедегі құлдыраудан кейін өсу бағытына қайтадан бет алған (+0,7 т., 55 тармаққа дейін). Кредиттік сенім жағдайындағы тәрізді бұл арада да ұстамды бағаларға жүгінгендер үлесі арта түскен 9,4 п.т.., 32,3%-ға дейін), ал оптимистік (–2,6 п.т., 35%-ға дейін) және пессимистік (–4,3 п.т., 22,4%-ға дейін) бағалардың үлесі азайып барады.

Бір қызығы – тамыз айында депозиттерге деген сенім деңгейі негізінен ерлердің есебінен (54,3 тармақ (+1,8 т.), әйелдерде: 55,7 тармақ, –0,3 т.) және 30–44 жастағы ересектеу жастардан (–0,6 т., 56 тармаққа дейін) өзге барлық топтағы респонденттердің есебінен мүмкін болған. Дегенмен, жоғарыда айтып өткеніміздей, респонденттердің жасы ұлғайған сайын, кредиттік сенім секілді депозиттік сенім деңгейі де төмендей береді деуге негіз бар. Айта кетейік, депозиттерге деген ең жоғары сенім деңгейі Солтүстік Қазақстан (59,1 тармақ) және Ұлытау (60,9 тармақ) облыстарының тұрғындары арасында байқалған, ең төмен деңгей – Жетісу облысы тұрғындарына тән (47,9 тармақ).

Алаңдаушылық екпіні байқалады…

Тамыздағы сауалнамада респонденттердің жартысынан астамы өздерін жайбарақат сезінгендері айтып өтті (56,3%), бірақ шілдемен салыстырғанда олардың үлесі біртіндеп қысқарып барады (1,9 пайыздық тармаққа). Бұл негізінен өздерін «сөзсіз жайбарақат сезіндім» деп есептейтіндер үлесінің азаюымен байланысты (–6,8 п.т., 27,9%-ға дейін). Байқауымызша тамызда мазасыз көңіл-күйге дес бергендер үлесі арта түскен (39,2%), бұған көбіне қобалжып жүргендер үлесінің артуы септік етсе керек (+4,5 п.т., 25,1%-ға дейін).

Алаңдаушылық деңгейі, әсіресе, әйелдерде басым (41,9%, +1,6, п.т.), бірақ күрт қобалжу деңгейі ерлер тарапынан да байқалып отыр (–36,3%, +3,6 п.т.). Жас ерекшеліктері бойынша қарастырғанда, алаңдаушылықтың жоғары деңгейін ең ересек топтағы қазақстандықтар көрсетіп отыр. Сауалнамаға қатысқан 45–59 жас (44,6%) және 60+ (44,3%) топтарындағы респонденттердің жартысына жуығы тамыз айында қобалжыған көңіл-күйге дес бергендерін айтып өткен. Алаңдаушылықтың жоғары деңгейі Ұлытау облысы тұрғындарынан байқалса (52,9%), мейлінше төмен деңгейі Қызылорда облысы тұрғындарына тән болған (21,2%, +2 п.т.).

Алаңдаушылық көңіл-күй екпінінің артуымен қатар, бір айда «күйзеліске дес бермедім» дейтін респонденттер үлесі де қысқара түскен (40,5%, –8 п.т.), тіпті стресспен күн сайын бетпе-бет келгендер үлесінің азаюына қарамастан (–0,6 п.т., 10,7%-ға дейін). Күйзеліске ұшырағандар жиілігінің артуы айына стресспен бірнеше рет (+3,5 п.т., 21,4%-ға дейін) немесе 1–2 рет (+3,5 п.т., 13,9%-ға дейін) кездескендер есебінен орын алып отыр.

Стресспен бетпе-бет келгендер арасында әйел респоненттердің үлесі басым (60,6%, ерлер – 53,9%). Жас ерекшелігі бойынша алып қарасақ, стресске көбірек шалдығатын топ бұл жолы да жастар жағы (65,3%, +12,6 п.т.), бірақ респонленттердің жасы ұлғайған сайын біз стресске ұшырау жиілігі төмендей беретінін де көріп отырмыз. Өңірлер аясында қарастырсақ, «күйзеліске ұшырау» бойынша Батыс Қазақстан (60,8%) және Қарағанды (61%) облыстары мен Алматы (65,5%) және Астана (66,7%) қалалары тұрғындарының тәжірибесі «молырақ». Ал Ақтөбе (49,5%) және Қызылорда (49,4%) облыстарының тұрғындары күйзеліске аса мән бермеуге тырысады.

Оптимизм төмендеп, алаңдаушылық жайлап барады

Тамыз айында Қазақстандағы тұтынушылық сенімнің өсу тенденциясы кібіртіктеп, ССІ индексі төмендей бастады, бірақ ол әзірше оптимистік аймақ ернеуіне шыға қойған жоқ. Төмендеу көрсеткіштері барлық субиндекстерге тән болды, дегенмен, ең елеулі төмендеу экономикалық перспективаларды бағалауға бағытталған субиндекстерден (елге қатысты да, жеке көрсеткіштер бойынша да) байқалды.

Соңғы зерттеуден кейін белгілі болғандай, қазір тұтынушылардың оптимистік аймағында тек 11 аймақ қана қалып отыр: бұған дейін пессимистік баға көрсеткен үш облыстың қатарына өткен айда оптимистік аймақта болған алты өңір келіп қосылды. Айтқандай, ерлер тарапынан тұтынушылық сенім көрсеткіші ептеп болса да өскені байқалуда, ал әйелдер болса ересектеу дейтін жастар секілді пессимистік аймаққа жақындап қалды.

Қазақстандық тұтынушылардың арасында өздерінің жеке қаржылық жағдайына, сондай-ақ елдегі денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің жай-күйіне деген алаңдаушылық деңгейі арта түскен, бірақ олар еңбек нарығындағы бүгінгі жағдайға аса алаңдап отырған жоқ. Әйтсе де, күйзеліске дес беріп, алаңдау, мазасыздану жиілігі сынды көрсеткіштер де біршама үдей түскен.

Айтпақшы, 2023 жылдың соңынан бері биыл тамызда алғаш рет жылдық инфляция ел тұрғындары күткен болжамды көрсеткіштен төмен шықты, ал баға динамикасын болжау барысында қазақстандықтардың арасында пессимистік ұстаным басым болды. Сол сияқты, өткен айдағы және өткен жылдағы баға динамикасын бағалау барысында қазақстандық тұтынушылар өз бағаларын ұстамды деген бағытта түзетуге бейім тұрды. Олар, сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің, азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасы қайтадан қымбаттап жатқанына баса мән берді, содан да болса керек, ең қымбат топтағы өнімдердің тізімінде байланыс және интернет бағасы байқала қойған жоқ.

Кредиттік сенім деңгейінің төмендеуімен кредит алуды жоспарлаған қазақстандықтар қатары да қысқара түсті – отандық тұтынушылардың пайымынша, дәл қазір кредит алатын кез емес, есесіне депозиттерге деген сенім деңгейі біртіндеп нығайып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз