Жаңалықтар

Германия компаниясы Жетісуда жаңа әуежай салуға бастапқыда 500 млн АҚШ доллар жұмсауға дайын

Жетісуда жаңа әуежай салынады/ коллаж kursiv.media

Неміс компаниясы елде жаңа әуежай салмақ. Жетісу облысының әкімдігі әуежай салу үшін жер телімін бөлді. Инвестор жобаны іске асыруға дайын.

Азаматтық авиация комитеті мәліметі бойынша тараптар келісімге келген.

Жоба бойынша Жетісуда жаңа әуежай терминалы сағатына 500 адамға қызмет ете алады. Жылына 550 000 тоннаға дейін отын сиятын қойма, 250 000 тоннаға жүктер қабылдайтын терминал салынады.

Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларынан басталады деп болжануда. Үш кезеңнен тұратын даму бағдарламасы мына салаларды қамтиды:

  • Әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық құру;
  • туристік қызмет;
  • сауда-ойын-сауық кешені.

Қазақстанға Германияның федералды канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Соған сәйкес Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» компаниясы арасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру туралы негіздемелік келісім жасалды. Құжатқа Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және «SKYHANSA» Басқарушы серіктесі Юрген Грецбах қол қойды.

Сәуір айында Алматы қаласының арнаулы экономикалық аумағында «Вираж» компаниялар тобымен бірге неміс компаниясы «Flight Design Kazakhstan» бірлескен кәсіпорнын құратыны мәлім болды. Ұшақтар жергілікті және шетелдік нарықтарда сатылмақ.