Жетісу облысында Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері өңірдің білім беру ұйымдарында 78,5 млн теңгеге қаржылық заң бұзу, сондай-ақ 416,8 млн теңгеге процедуралық заң бұзу дерегін анықтаған.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, бұл туралы білім беру ұйымдарында қаржылық және қылмыстық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін жағдайларды жою жөніндегі кеңесте айтылды.
«Жыл басынан бері 23 аудиторлық тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша тиісті ұйымдарға анықталған бұзушылықтарды түзету үшін 23 ұйғарым жіберілді. Бұл тексерулердің нәтижесінде (қалпына келтіру арқылы) шамамен 8,7 млн теңге және (өтем төлемі арқылы) 19 млн теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылды», – делінген хабарламада.
Тексеру нәтижесінде 20 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа, тағы 6 адам әкімшілік жауапқа тартылып отыр.
Мұның алдында Қаржы министрлігі білім саласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит жұмысын жүргізді. Талдау нәтижесінде 36 мекемеде заңсыз қаржы операцияларын анықтағанын жазған едік.