Қор нарығына шолу: ФРЖ-дан қандай шешім күтеміз, Азия облигацияларына қызығушылық артты, Қытайдың ЖІӨ-іне қатысты болжамдар
Жұмыс күшінің «қартаюы», геосаяси фрагментация және басқа да тәуекелдер ортамерзімді перспективада инфляция мен пайыздық мөлшерлемелерді жоғары деңгейде ұстап тұрады деп ескертті BlackRock сарапшылары. Сонымен қатар Goldman Sachs және Citigroup тамыз айындағы теріс статистикадан кейін, Қытайдың 2024 жылға арналған өсу болжамын төмендетті. Осы және өзге де тақырыптар туралы 16 қыркүйектегі шолуымыздан оқыңыз.
BlackRock: ФРЖ мөлшерлемені тым қатты төмендетпейді
Reuters агенттігі BlackRock институтының сарапшыларына сілтеме жасай отырып, ФРЖ, ертең, 18 қыркүйекте АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелерді облигациялар нарығы күткендей төмендетпеуі мүмкін деп жазды. Мұндай шешім тұрақты экономикаға және біршама уақыт сақталып отырған тұрақсыз инфляцияға байланысты.
Трейдерлер Федералды резерв қарыз алу құнын 2024 жылдың соңына дейін 120 базистік тармаққа және 2025 жылдың соңына қарай 250 тармаққа, яғни шамамен 2,8-2,9%-ға дейін төмендетеді деп болжам жасап отыр. BlackRock сарапшыларының пікірінше, мұндай құлдырау рецессияға қатысты шамадан тыс алаңдаушылықты, сондай-ақ инфляцияның тұрақты төмендеуін көрсетеді. Алайда бұлар инфляцияны «уақытша ғана салқындатады» деп санайды. «Қысқартулар өткен рецессиялардағыдай үлкен болады деу дұрыс емес. Қазір жұмыспен қамту әлі де өсіп келеді, ал бірқатар фактор бағаларға жоғары қысым жасайды», – делінген клиенттерге арналған жазбада.
Хабарламада жұмыс күшінің «қартаюы», бюджеттің тұрақты тапшылығы және геосаяси фрагментация сияқты құрылымдық өзгерістердің әсері ортамерзімді перспективада инфляция мен пайыздық мөлшерлемелерді жоғары деңгейде ұстап тұрады делінген.
Goldman Sachs және Citigroup Қытайдың 2024 жылға арналған өсу болжамын төмендетті
Goldman Sachs және Citigroup сарапшылары 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдың экономикалық өсу болжамдарын 4,7%-ға дейін төмендетті, деп хабарлады Reuters. Бұл тамыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс туралы деректер бес айлық ең төменгі көрсеткішті көрсеткеннен кейін орын алды. Бұған дейін Goldman Sachs Аспанасты елінің ЖІӨ-нің 4,9%-ға, Citigroup 4,8%-ға өсуін күткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Қытай үкіметінің деректері тамыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі шілде айында 5,1%-дан кейін жылдық мәнде 4,5%-ға ғана өскенін көрсетті. Бөлшек сауда – тұтынудың негізгі көрсеткіші тамызда тек 2,1%-ға артты (шілдеде 2,7%), ал сарапшылар 2,5%-ға өседі деп сенім білдірген еді.
«Қытайдың ЖІӨ-сі 5%-ға жақын өсу керек деген мақсат бар. Алайда осыған жетпеу қаупі артып келеді. Сондықтан сұранысты ынталандырудың қосымша шараларының өзектілігі арта түсті», – делінген Goldman Sachs жазбасында. Сарапшылар осы уақытқа дейін Қытайдың ЖІӨ-сінің келесі жылға арналған болжамын қолдады (4,3%). Бірақ Citigroup ішкі сұраныстың негізгі катализаторларының болмауына байланысты оны 4,2%-ға дейін кемітті.
«Біз үнемдеу тұзағынан құтылу үшін және өсімді қолдауды уақытылы жүргізу үшін фискалдық саясатты күшейту қажет деп санаймыз», – деді Citigroup экономистері.
Азия облигациялары бес жылдағы ең жоғары өсім тіркелген айды өткерді
Азияда облигацияларға деген айтарлықтай қаражат ағыны байқалады. Мұндай динамиканы төрт ай бойы байқауға болады. Өйткені әлемдік инвесторлар ФРЖ-дан жеңілдетуді, демек, елдегі мемлекеттік қарыздың кірістілігін төмендетуді күтеді.
Тамыз айында инвесторлар Индонезияда, Үндістанда, Малайзияда, Оңтүстік Кореяда және Таиландта аймақтық облигацияларды барынша сатып алды – барлығы 14,06 млрд доллар, деп жазды Asia Financial. Бұл 2019 жылдан бергі бір айдағы ең үлкен қаражат ағыны болып саналады. Ең үлкен инвестициялар Оңтүстік Корея облигацияларына келді – 5,99 млрд доллар. Индонезияға 3,5 млрд тіркелсе, Үндістан, Малайзия және Таиланд облигациялары сәйкесінше 2,14 млрд доллар, 2,06 млрд доллар және 370 млн доллар тартты.
«Облигациялар ағыны күшті болып қалуы керек. Өйткені ФРЖ саясатын жеңілдету циклі азиялық орталық банктерге ставкаларды төмендетуге жол ашады», – деп атап өтті ANZ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Хун Го. Осылайша, инвесторлар Азияда барынша инвестиция салуға тырысады.
Дауыл қаупі мен өнімділіктің төмендеуіне байланысты мақта бағасы қымбаттайды
Bloomberg хабарлағандай, мақта фьючерстері 2024 жылдың ақпанынан бастап ең жоғары бағаға көтерілді. Өйткені ауа-райының қолайсыздығы және өндірістің төмен перспективалары трейдерлерді «аю» ставкаларын жасауға мәжбүр етті. Сонымен ең белсенді мақта келісімшарты Нью-Йорк биржасында бір фунт үшін 72,82 центке – 4,3%-ға дейін өсті. Бұл – екі айдағы ең жоғары күндізгі баға.
Мақтаның құнына өткен аптада АҚШ-тың оңтүстік штаттарын шарпыған «Франсин» дауылы туралы ақпарат, сондай-ақ Бразилиядағы (бұл әлемдегі ең ірі мақта экспорттаушы) құрғақ ауа райы әсер етті. Сонымен қатар АҚШ долларының әлсіреуі бағаны басады. Сондай-ақ АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі өнімділіктің төмендеуіне байланысты әлемдегі мақта өндірісінің 2024/25 жылдарға арналған болжамын төмендетті.