Жаңалықтар

Қарағанды облысындағы Ақжал қорғасын-мырыш кен орнын ресейлік компания тікелей иеленді

«Ақжал» кен орны ресейлік компания меншігіне өтті / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қарағанды ​​облысы, Шет ауданындағы Ақжал қорғасын-мырыш кен орны 2023 жылы Ресейдің «Челябі мырыш зауытының» (ЧМЗ) тікелей меншігіне өткен. Бұл туралы кенішке иелік ететін «Nova Цинк» компаниясының 2023 жылғы аудитттелген қаржы есебінде жазылған.

Құжатта 2023 жылдың сәуірінде «Nova Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлескерлерінің кезектен тыс жиналысы өтіп, соның нәтижесінде Nova Holding AG швейцариялық компания акционерлер қатарынан шығу туралы шешім қабылдағаны жазылған.

Сонымен қатар швейцариялық компания «Nova Цинк» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 99,9% үлесті ЧМЗ иелігіне берген. Қос тарап келісімге 2023 жылдың 11 сәуірінде қол қойған. Ал «Челябі мырыш зауыты» АҚ-ның басқарушы компаниясы санкцияға ұшыраған – «Орал тау-кен компаниясы» (Уральская горно-металлургическая компания)» ААҚ. Компанияға 2023 жылы АҚШ санкция салған болатын.

Негізі ЧМЗ 2006 жылы компанияның 100% акциясын Швейцарияда тіркелген Nova Holding AG арқылы сатып алған. Енді кен орынына швейцариялық компания арқылы емес, тікелей иеленеді.

Серіктестіктің 2022 жылғы қаржы есебіне сүйенсек, 2023 жылға дейін ЧМЗ кен орнының 0,1%-ын ғана иеленіп келген. Компанияның жария жарғылық капиталы 330 млн теңгеге тең.

«Nova Цинк» ЖШС 2022 жылы – 46 млрд, 2023 жылы 39,4 млрд теңге түсім алған. Компанияның 2022 жылғы таза пайдасы 15 млрд теңгені құраса, былтыр 3,3 млрд теңге шығынға батқан.

Nova Holding AG кен орнын 1997 жылдан бері игеріп келген. Кен өндіру мен игеруге шетелдік компанияның қаржысы жұмсалған. Бұл кен орында қорғасын-мырыш кені ашық әдіспен өндіріліп, өздерінің кен байыту зауытына жіберіледі. 2023 жылы мырыш концентратын негізінен ЧМЗ сатып алған. Сонымен қатар компания өндірген өнімін экспортқа шығарады. Қаржы есебіне сәйкес, компанияға қайтарылатын ҚҚС көлемін 5,4 млрд теңгеге жеткен. Компания соның 519 млн теңгесін Қаржы министрлігіне жүгіне отырып қайтарып алған.