Ресейдің Курск облысындағы тағы екі аудан тұрғындары көшірілді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock.com

Ресей Курск облысындағы тағы екі ауданның тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім шығарды. Бұл елдімекендер Ресей мен Украина шекарасынан 15 шақырым аумақта жатыр.

Облыс губернаторы Алексей Смирновтың айтуынша, жалпы 89 елдімекеннің тұрғындары көшіріледі. Мұндай шешімді жедел штаб қабылдаған. Жалпы 130 мың адам көшірілген.

«Жергілікті тұрғындарды көшіру процесін үйлестіру қауіпсіздік күштеріне, жергілікті әкімшілікке және Курск Патриот орталығының сақшыларына жүктелді», – деп жазды ол.

2024 жылдың 6 тамызында украин әскерлері Ресейдің Курск облысына жасырын операция жүргізіп, екі жарым жылға созылған соғыстың статус-квосына қарсы шықты. Украина Ресейдің Курск облысына басып кіргеннен кейін, Ресей президенті Владимир Путин бұл әрекетті арандату деп атады.

Украина әскері Курск облысына 30 шақырым ішкері енген. Сонымен қатар жүздеген ресейлік әскериді тұтқынға алғанын хабарлады.

Украина президенті Владимир Зеленский өздері басып алған жерлерді бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Зеленскийдің айтуынша, ресми Киев осылайша Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздер үстеліне отырғызуға тырысып жатыр.

Жақында The Guardian басылымы Ұлыбритания Украинаға британдық зымырандармен Ресей аумағын атқылауға рұқсат берді деп жазды.

Сондай-ақ оқыңыз