Жаңалықтар

Qazaq Air Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар арқылы сатыла ма?

Qazaq Air қалай сатылады/ Фото: shutterstock.com

Qazaq Air-ді сату және елдегі 2 әуежайды вьетнамдық Sovico тобының сенімді басқаруына беру мәмілесі Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген компаниялар арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Себебі 2 тамызда Sovico Group-тың еншілес ұйымы – Aviation Holding компаниясы Central Asia Holdings Limited компаниясын құрған. АХҚО тізімінде компания жетекшісі – Фам Гок Сау деп көрсетілген. Акционері – Aviation Holdings Company Limited.

Ал 13 қыркүйекте Central Asia Holdings Limited компаниясы Central Asia Airport Holdings Limited компаниясын тіркейді. Компанияның қызмет бағыты авиациялық инфрақұрылымға инвестиция салып, әуежайды басқару және пайдалану қызметтерін көрсету және аэронавигациялық және аэронавигациялық емес қызметтер мен әуежайдың инженерлік құрылысы деп көрсетілген. Бұл компания директоры Фам Гок Сау болса, атқарушы директоры Пламен Цветков деп көрсетілген.

Айта кетейік, Qazaq Air әуе компаниясынан бөлек, Түркістан және Қызылорда әуежайларын VietJet (Sovico тобына кіреді) сенімді басқаруына беру мәселесі талқыланып жатыр.

Мамыр айында «Самұрық-Қазына» қоры еншілес әуе компаниясы – Qazaq Air-ді вьетнамдық Sovico Group-қа сататынын хабарлады. Былтыр қор әуе компаниясын бірнеше рет аукционға шығарып сата алмаған еді.

Вьетнамдық Sovico Group Qazaq Air әуе компаниясын 2 млрд теңгеге сатып алатынын шілдеде белгілі болды. Көлік министрі Марат Қарабаев келісім қыркүйек айында мәресіне жетеді деп мәлімдеген.

Келісім негізінде сатып алушы тарап қазақстандық әуе компаниясының 38 млрд теңге қарызын өтейді. Сонымен қатар ұшақ қатарын толықтырып, жаңадан 20 әуе кемесін сатып алатыны айтылды.