Экс-министр Владимир Божконың ұлына тиесілі компания Ақмола облысында жаңа зауыт салады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ақмола облысында жаңа зауыт салынады / Фото: shutterstock.com

Төтенеше жағдайлар экс-министрі Владимир Божконың ұлы Максим Божкоға тиесілі «CAPITAL projects LTD» ЖШС Ақмола облысында жаңа зауыт құрылысын қолға алды. Жоба құны -12,5 млрд теңге. Жаңа зауыт ұзақ сақталатын жұмыртқа мен құрғақ жұмыртқа қоспаларын өндіреді.

«CAPITAL projects LTD» ЖШС «Курочка Ряба» брендімен өнім шығарады. Кәсіпорын тауық еті мен жұмыртқа өндірісінің толық циклін іске асыратын «Шаңырақ» компаниялар тобына кіреді. Ал жаңа кәсіпорын тәулігіне 1 млн жұмыртқа шығарады деп жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, CAPITAL projects LTD аталмыш жобаны Thornico (Sanovo) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады. Арнайы келісімге қол қойылған. Бизнесті қолдау мақсатында зауыт құрылысына мемлекет қаржысы да құйылады.

«Жұмыртқа өндірісінен басқа, зауыт құрама жем өндіру үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысады. Қазіргі уақытта майлы дақылдарды қайта өңдеу желісінің құрылысы жүргізілуде, бұл жемшөп өндірісін 25%-ға арзандатуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Egov мәліметіне сәйкес, CAPITAL projects LTD компаниясының құрылтайшылары – Максим Божко мен Александр Лоренц. Максим Божко – 2007-2014 жылдары Төтенше жағдайлар министрі, ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Владимир Божконың ұлы.

2009 жылы құрылған компания тауық етін өндірумен айналысады. Бірінші басшысы Қазылбек Анапиянов деп көрсетілген.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл жұмыртқа бағасы 10,5%-ға өсіп, 0,1%-дық тармақпен жылдық инфляция өз үлесін тигізген.

Сондай-ақ оқыңыз