«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылық құрамы өзгерді. Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне бұрынғы энергетика вице-министрі Әсет Мағауов келді.
Ол 2023 жылы сәуірде елдегі дизель отыны тапшылығына байланысты энергетика вице-министрі қызметінен кеткен болатын.
Әсет Мағауовпен қатар ҚМГ басқарма төрағасының тағы бір орынбасары тағайындалды. Бұл лауазымға Бекзат Абайылданов келді.
Жаңа орында Әсет Мағауов мұнай өңдеу және мұнай химиясы, мұнай өңдеу зауыттарының қызметі мәселелеріне жетекшілік етпек.
Ал Бекзат Абайылданов мұнай және газ өндіру, геологиялық барлау бағытын басқарады.
Аталған азаматтар Қазақстанның мұнай-газ саласында бұрыннан жұмыс істеп келе жатыр. Мәселен, Мағауов еңбек жолын 1994 жылы «Теңізмұнайгаз» АҚ-да экономист болып бастаған.
Әр жылдары энергетика вице-министрі, мұнай және газ вице-министрі болып жұмыс істеді. Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры қызметін атқарды. «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ басқарушы директоры, Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығының бас директоры қызметтерін атқарды. 2019 жылы энергетика вице-министрі қызметіне келіп, 2023 жылы босатылды.
Ал Бекзат Абайылданов еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» АҚ филиалының №1 мұнай-газ өндіру басқармасында оператор көмекшісі болып бастады. Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары болды. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры, «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының геологиялық барлау және өндіру жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. «Каспий Мұнай» АҚ бас директоры болды.
Еске сала кетсек, 2023 жылы энергетика вице-министрі болған Мағауов жанар-жағармай бағасы біртіндеп көтерілетінін мәлімдеген еді. Ол Қазақстанда жанармай бағасын ЕАЭО елдерімен теңестіруді ұсынған.