2029 жылы Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 573 мың теңгеден асады. Бұл туралы Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында айтылған.
Үкімет Қазақстандағы бір қызметкердің орташа айлық жалақысы келесідей болады деп күтеді:
2024 жылы – 396 мың теңге;
2025 жылы – 431,6 мың теңге (+8,9%);
2026 жылы – 466,9 мың теңге (+8,1%);
2027 жылы – 500,7 мың теңге (+7,2%);
2028 жылы – 536,3 мың теңге (+7,1%);
2029 жылы – 573,7 мың теңге (+6,9%).
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 382,2 мың теңгені құрады. Ол Қазақстандағы барлық жұмысшы жалақысының орташа арифметикалық мәні ретінде есептеледі.
Үкіметтің болжамы бойынша 2025-2029 жылдар аралығындағы ең төменгі жалақы қазіргідей – 85 мың теңге көлемінде қалады. Өмір сүру минимумы 2025 жылғы 46,2 мың теңгеден 2029 жылы 56,4 мың теңгеге дейін өседі. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі осы жылдар ішінде 5,3%-дан 5%-ға дейін төмендейді.
2025 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері жыл сайын шамамен 5 мың теңгеге өсе отырып, 62,7 мың теңге деңгейінде болжануда. Нәтижесінде 2029 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 82,6 мың теңге болады деп күтіледі.
Ең төменгі есептік көрсеткіш 2025 жылғы 3,9 мың теңгеден 2029 жылға қарай 4,8 мыңға дейін өседі деп болжануда. Осы жылдардағы жұмыссыздық деңгейі 4,7% деңгейінде жоспарланған.
Қазақстан халқының саны 2029 жылға қарай 21,3 миллион адамға жетуі мүмкін, оның ішінде жұмыспен қамтылған халық саны 9,4 миллион адамды құрайды. Осы уақытқа дейін өмір сүру ұзақтығы 77 жасқа дейін артады.
Айта кетейік, Үкімет 2025 жылы елдегі зейнетақы мөлшерін 8,5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Ал АЕК мөлшері – 3 932 теңгені құрамақ.