Жаңалықтар

Қазақстанда тіркелген Қытай компанияларының саны күрт өсті. Ресейлік бизнес керісінше азайған

Қазақстан мен Қытай
Қазақстанда тіркелген Қытай компанияларының саны күрт өсті / коллаж: kursiv.media

Тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда тіркелген қытай компанияларының саны шілдемен салыстырғанда 3,3%-ға немесе 150 бірлікке өсіп, 4674 заңды тұлға мен филиалға жетті, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Бірінші несиелік бюроның мәліметінше, бұл кем дегенде 2022 жылдың басынан бергі ең үлкен айлық өсім. Дегенмен, барлық тіркелген ұйымдардың тек үштен екісі немесе 3062 ғана белсенді жұмыс істейді.

Жалпы статистикаға сүйенсек Қытай компанияларының ұлғайып келе жатқанын байқауға болады. Қазірге дейін тіркелген ұйымдардың саны тек бір рет, 2023 жылдың қарашасында ғана азайған. Ал  2024 жыл бойы өсім тек үдей түскені байқалады. Ұлттық Статистика бюросының дерегіне қарасақ басқа бірде-бір серіктес ел тамыз айында мұндай нәтиже көрсетпеді.

Жалпы елдер бойынша алғанда жұмыс істейтін компаниялардың жалпы саны бір айда 221-ге азайды. Бұл ретте Ресей Федерациясының компаниялары ең көп азайды, жұмыс істеп тұрған 138 компания жабылған немесе Қазақстан аумағынан көшкен. Түп-тамыры Ресейде тіркелген тіркелген ұйымдардың саны 31 данаға азайды. Бұл да ең жоғарғы көрсеткіш.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай экономикасындағы жағдай да нашарлай түсіп, ұзақмерзімді дефляция мен тоқырау қаупі төніп тұрғаны туралы хабарлаған едік.