Жаңа Салық кодексінде несие мен депозиттерге салық салу мәселесі қарастырыла ма? Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы таныстырылды. Құжатты көпшілік назарына ұсынған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бұл ретте сараланған салық мөлшерлемесіне көшу, салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер санын 20%-ға азайту көзделген.
«Айтарлықтай фискалдық қайтарымы жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі», – деді спикер.
Осы орайда вице-министр көпшілік көкейіндегі несие мен депозиттерге қатысты сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде несие мен жинақтарға қосылған құн салығын енгізу қарастырылмаған.
Айта кететіні, бүгінде Қазақстанда салықтың 12 түрі бар. Мұнда шаруа және фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана табыс салығына ұқсас. Сондықтан министрлік бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыруды ұсынып отыр. Ал шаруалар үшін жеңілдік режимі сақталады.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі бюджетке төленетін 11 міндетті төлемнің екеуін алып тастауды ұсынды.
«Бұл – сыртқы жарнаманы орналастырғаны және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін лицензияларды пайдаланғандарға арналған төлемдер», – деп түсіндірді вице-министр.
Бұған қоса 3 міндетті төлемді біріктіру ұсынылып отыр. Атап айтқанда, су ресурстарын, орманды және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемдер. Олар бір ғана табиғи ресурстарды пайдалану төлеміне біріктіріледі.
Сонымен қатар министрлік алымдардың 6 түрін қысқарту керек деп есептейді. Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып тасталуы мүмкін.
Осылайша салықтар мен төлемдер саны 20%-ға қысқартылмақ.
Бұған дейін депутат Азат Перуашев Ұлттық экономика және Қаржы министрлігі әзірлеген Салық кодексін сынға алған еді. Депутат министрліктер ұсынып отырған cалық саясаты әділ емес деген болатын.