Қазақстанда кедейлер саны артты: 1 млн-нан астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз
Қазақстанда кедейлер көбейіп келеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Елде 1 млн-нан астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Бұл халықтың 5,1%-ы.
“2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз адамдар саны 1,1%-ға артты», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Деректерге сүйенсек, 1 млн-нан астам қазақстандықтың баспана мен азық-түлік алуға жұмсайтын шығыны табысынан 2 есеге асып түседі.
Аймақтар бойынша кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарды көбі Түркістан облысында тұрады – 188,5 мың адам (облыс халқының 8,8%). Дегенмен көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,2%-ға жақсарған.
Одан кейінгі орында Жетісу облысы. Мұнда кедей халықтың үлесі 7,8% – 54,2 мың адам (+0,6%), ал Абай облысында – 7,7% немесе 46,5 мың адам (+0,6%).
Ең төменгі кедейлік деңгейі Қарағандыда – 3% (33,6 мың адам, -5,6%) және Атырау облыстарында – 3% (21,4 мың адам, +5,5%) тіркелді.
2024 жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі орта есеппен айына 49,9 мың теңгені құрады.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 382,2 мың теңгені құрады. Үкімет болжамынша, 2029 жылға қарай Қазақстанда орташа жалақы 570 мың теңгеден асуы мүмкін.