ҚТЖ еншілес кәсіпорны жыл соңына дейін 1,5 мың жүк вагонын сатып алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Қазтеміртранс» 1500 жүк вагонын сатып алады /Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны «Қазтеміртранс» АҚ жыл соңына дейін 1500 жүк вагонын сатып алады деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Компания 2023 жылы 242 жартылай вагон сатып алған еді. Қыркүйекте олардың қатарын тағы 65 жаңа жартылай вагон толықтырды, тағы 65-і күтілуде. «Қазтеміртранс» жалпы соңғы 10 жылда 25 мыңнан астам вагон алған.

«Жыл соңына дейін 1500 жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Олар астық, көмір, құрылыс материалдары және басқа да әлеуметтік маңызды тауарлар сияқты өмірге қажетті жүктерді тасымалдауға пайдаланылады»,– дейді «Қазтеміртранс» АҚ директорының орынбасары Тәңірберген Құсайынов.

Қазіргі таңда «Қазтеміртранс» АҚ-ның жекеменшік вагондар паркі 47 000-нан асады.

Айта кетейік, қазіргі кезде көмір тасу маусымы жүруде. Бұған 20 мыңнан астам ашық вагон жұмылдырылған. Оның ішінде 11 мыңы коммуналды-тұрмыстық көмірді тасымалдауға, 9 мыңы энергетика саласына арналған. Сонымен қатар 3 мыңға дейін жеке операторлар вагондарын қолдануға мүмкіндік бар. Жеткілікті локомотив паркі дайындалған. Ұлттық оператор локомотивтерінің жалпы саны 1,8 мың бірлікті құрайды. Жүк тасымалдаудан мәселе жоқ.

Алайда елімізде жолаушылар вагоны тапшы. Жақында Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Көлік министрі Марат Қарабаев кезінде ҚТЖ бұл мәселеге уақтылы мән бермегенін айтты. Яғни ұлттық компания вагондарды дер кезінде жаңартуға қаражат бөлмеген.

Қарабаевтың айтуынша, бүгінде ҚТЖ компаниясына 3 мың вагон қажет. Ал ҚТЖ паркінде небәрі 2667 вагон бар. Сондай-ақ соңғы 4 жылда 600-ге жуық жарамсыз вагон компания паркінің есебінен шығарылған. Ал оның орны бар болғаны 300 жаңа вагонмен толыққан. Министр вагон тапшылығын жабу үшін Үкімет тарапынан қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз