Астанада 23 қыркүйек күні сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанаға өтініш қабылдау басталады. Бұл жайлы Астана қаласының Тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.
Басқарманың хабарлауынша, бұл тұрғын үйлер «көпбалалы отбасылар» және «халықтың әлеуметтік осал топтары» санаттарына жатқызылған азаматтарға беріледі.
Астана қаласының Тұрғын үй орталығы өтінім қабылдауды 2024 жылғы 23 қыркүйектен бастайды. Өтінім қабылдау процесі екі аптаға созылып, 7 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады.
Құжаттарды қабылдау birge.astana.kz порталы арқылы электронды форматта жүзеге асырылады.
«Қатысушыларды іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүргізіледі және отбасы құрамы ескеріледі. Қатысуға өтінімдерді кезекке қойылған барлық жылдардағы кезекте тұрғандар бере алады, алайда қатысуға өтінім бергендер арасында басқалардан бұрын кезекте тұрғандар өтеді», – деп хабарлайды басқарма.
Жалпы «көпбалалы отбасылар» санатына – 223 пәтер беру көзделген. Ал жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 154 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 458 пәтер қарастырылған.
Бұл үйлер Астана қаласының Қорғалжын тас жолы ауданында, Нұрғиса Тілендиев даңғылында, Астана-Қарағанды тас жолы ауданында орналасқан.
Еске сала кетсек, 28 тамызда Астанада сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерге өтініш қабылдау басталған болатын. Құжат қабылдау мерзімі 3 қыркүйекке дейін созылды.
Бұл бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар санаты бойынша Астана қаласында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар қатысты.
Ал кеше, қыркүйектің 16-сы күні «Отау» және «Наурыз» ипотекасына қосымша өтінім қабылдау басталды. Өтінім қабылдау 25 қыркүйек күні аяқталады. Айта кетейік, «Отбасы Банк» «Отау» бағдарламасының шарттары мен «Наурыз» бағдарламасының шарттарын теңестіріп тастады.