ҚНРДА банктерге ESG қағидаттарын енгізу мерзімін өзгертті

Жарияланды
Жол картасына сәйкес ҚНРДА ESG қағидаттарын енгізуді осы жылдың аяғына дейін толық аяқтайды / Фото: Shutterstock

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ESG қағидаттарын Қазақстанның қаржы нарығын реттеуге енгізу жөніндегі жол картасына өзгеріс енгізеді. Бұл жайлы агенттіктің сайтында жарияланған құжатта жазылған.

Жаңа жол картасына сәйкес, ESG тәуекелдерін басқару және кредит портфелінің көміртегі ізін бағалау бойынша экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаулықты (Guidelines on Environmental and Social Risk Management, ESRM) әзірлеу және қабылдау мерзімі 1 жылға шегерілген. Негізінен бұл шара 2023 жылдың 2-жартыжылдығында қолға алынуы керек болған. Ал жаңа жол картасына сәйкес оның аяқталу мерзімі 2024 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.

Ал банктердің кредит портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және қабылдау мерзімі де 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Алайда ол да белгіленген уақытта орындалмай, осы жылдың 4-тоқсанына дейін жылжытылған.

Тәуекелдерді басқару жүйесіне және корпоративтік басқаруға ESG қағидаттарын енгізу бойынша ішкі тәуекелдерді басқару жүйелеріне және корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды әзірлеу де 2024 жылдың 4-тоқсанына шегеріліп отыр. Ескі жоспарға сәйкес бұл шаралар 2023 жылдың екінші жартыжылдығында қолға алынуы керек болған.

Климаттық стресс-тестілердің сценарийлерін әзірлеу сондай-ақ олардың қаржы ұйымдарына ықтимал әсерін бағалау бойынша есеп беру кезеңі де 2024 жылдың бірінші тоқсанынан осы жылдың 4-тоқсанына ауыстырылған.

Ал ESG-тәуекелдерінің көрсеткіштерін қаржы ұйымдарының қадағалап бағалауын біріктіру және бөлімшелердің қадағалау регламенттеріне өзгерістер енгізу және Қаржы ұйымдарының ESG-тәуекелдерді басқару бөлігіндегі ұсынымдар мен талаптарды сақтауын мониторингтеу мерзімі өзгеріссіз қалған. Бұл шаралар осы 2024 жылға жоспарланып отыр. Құжатқа сәйкес, осы жылы банктердің, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметін бақылау мен қадағалаудың ішкі рәсімдері жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз